Денсаулық сақтау

Репродукция бөлімшесінің жұмысы тоқтап тұр

Медицина саласындағы кадр тапшылығы! Ақ халаттылардың жетіспеуі салдарынан қазір 3-ші қалалық ауруханадағы білдей бір бөлімшенің жұмысы тоқтап тұр. Ондағы репродукция орталығы 2012-де ашылған еді. Содан бері 20-дан аса ерлі-зайыптыға ата-ана бақытын сыйлады.

Бұл кішігірім зертхана ерлі-зайыптыларға ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік береді. Мамандар дәл осы жерде сәби сүйгісі келетін жандардың материалдарын зерттейді. 3-ші қалалық аурухананың репродукция бөлімшесінің ақ халаттылары нәрестелі боламын деген жұптарға 3 бірдей бағдарлама ұсынады.

Ирина Сбоева, 3-ші қалалық аурухананың эмбриолог-дәрігері:

– Бізде “Жатырішілік инсеминация”, “Экстракорпоралдық ұрықтандыру” және “Эко плюс Икси” бағдарламасы бар. Соңғысы еркектік фактор салдарынан нәрестелі бола алмаған кезде қолданылады. Мамандарымыз барлық процессті бақылауда ұстайды. Орталыққа келіп, бағдарламалардың бірін пайдалану арқылы бала сүйгісі келетін жандар аз емес. Қаңтар айынан шілдеге дейін 39 жұп бөлімше есебіне тұрды.

3-ші қалалық аурухананың репродукция бөлімшесі 2012-де ашылған. Араға бір жыл салып мұнда алғашқы сәбилердің іңгәлаған дауысы шықты. Мамандар ұзақ уақыт бойы бала сүйе алмай жүрген жандарға үлкен бақыт сыйлады. Содан бері экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісі арқылы өңірімізде 20-дан аса нәресте жарық дүние есігін ашқан. Алайда, қазір бөлімше жұмысы тоқтап тұр. Себебі, репродуктолог-дәрігер жоқ. Мамансыз істі жалғастыру мүмкін емес.

Артем Колесник, 3-ші қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазіргі таңда өңірде медицина саласында кадр тапшылығы байқалуда. Бүгінде бұндай проблемамен біз де соқтығыстық. Қаладағы мамандармен келіссөздер жүргізудеміз. Ниет білдіріп отырған ақ халаттылар бар. Жақын арада жұмысты бастаймыз деген ойдамыз.

Жалпы бүгінде репродукция бөлімшесінің есебінде 800-ге жуық солтүстікқазақстандық жұп тұр екен.

 

 

Эльмира Садвокасова