Қоғам

Мемлекеттік қызметтерді пайдалану жеңілдей түсті

2017 жылы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет пилоттық режимде электрондық өтініштер жобасын қолға алды. Осылайша тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ электронды портал арқылы онлайн ақпаратқа қол жеткізетін болды.

Ол үшін жеке сәйкестендіру нөмірінің көмегімен порталға тіркеліп, «онлайн қызметке тапсырыс беру» функциясын басу қажет. Кейін, желіде электронды өтініш беріп, мұрағат анықтамасына 10 күнде қол жеткізуге болады. Оған қоса азаматтар 3 минуттың ішінде сотталмағандығын немесе сотталғандығын растайтын құжатты ала алады.

Махаббат Кәрібайқызы – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Біздің басқармамыз комитеттің аумақтық бөлімшесі ретінде ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында соттылықтың болуы немесе болмауы туралы 1129 анықтама берді. Тағы, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға, сонымен қатар ресми құжаттарға апостиль қою үшін 733 құжат рәсімделді. Оған қоса, мұрағаттан мәлімет алуға 387 және әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша 3800-ден астам анықтамаға өтініш түскен.

Маржан Касымбек