Экология

“Бірге-Таза Қазақстан” акциясына теріскейліктер атсалыспақ

Шілденің 20-сы күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин “Бірге – Таза Қазақстан” экологиялық акциясына бастама берген болатын. Қазір бұл тазалық шарасы еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып жатыр. Оның ішінде аққайыңдар өлкесі де бар. Ертең жерлестеріміз Пестрое көлі жағалауында сенбілік өткізбекші. Оған 200-ден аса адам қатыспақ ниетте.

Экологиялық акция Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қоянды су қоймасынан басталған болатын. Оған белсенді жастар мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Нақтырақ айтсақ, 1200-ге жуық адам ат салысты. Нәтижесінде елордалықтар 10 тонна қоқыс жинаған екен. Енді, бұл игі бастама еліміздің барлық аймағында жалғасып жатыр. Солардың қатарында Солтүстік Қазақстан да бар. Жерлестеріміз тазалық шарасын ертең, Пестрое көлінің аумағында ұйымдастырылмақ.

Азамат Бектасов– СҚО экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Тазалау екі бағытта болады. Оның бірі – “Лана” кафесінің артындағы жағалау. Енді бірі қарама-қарсы орналасқан орман маңында өтеді. Сонымен қатар, бұл акция барлық аудандарды өткізіледі.

Теріскейліктер іске білек сыбана кіріскелі отыр. Тазалық шарасына жалпы саны 200-ден аса адам ат салыспақ. Олардың денін мемлекеттік қызметкерлер құрайды. Тағы, белсенді жастар да бар. Мысалы, “Жасыл ел” жасағының 50 мүшесі қатысуға құлшыныс танытыпты. Шаһардағы кәсіпорындар да бей-жай қалмайды. Ертең “Радуга” серіктестігі күл-қоқыс салатын контейнерлер үлестіреді. Осы арқылы мамандар өңдеуге келетін қалдықтарды сұрыптап алмақшы.

Дәурен Катранов- “Радуга” ЖШС бас директорының орынбасары:

– Кей адамдар қайта өңдеу ісінің маңыздылығын білмейді. Күл-қоқысты пайдаға жаратып та, табыс табуға болады. Сол себепті, біз арнайы жәшіктерді орнатамыз. Оған тұрғындар жинаған заттарды бөліп салады. Мұндағы мақсат – қоршаған ортаны тазалау. Қалдықтарды қайта өңдеу. Бастаманы біз қолдаймыз.

Айта кетейік, өңірімізде “Бірге-Таза Қазақстан” экологиялық акциясы 2 айға жалғаспақ. Осы уақыт ішінде теріскейліктер өңірдегі барлық өзен-көлдердің маңын күл-қоқыстан тазартпақ.

Актолкын Солтанханкызы