Қоғам

Жергілікті кәсіпкер петропавлдықтарға саяжол сыйлайды

Қалалықтар серуендесін деп! Петропавлдық кәсіпкер шаһар тұрғындарына арнап саяжол соғып жатыр. Бизнесмен іске өз қалтасынан 10 млн теңге бөліпті. Бұл қаржыға бұған дейін бірнеше жыл бос тұрған аумақты абаттандыруда. Шағын ғана аллеяның құрылысы бірер аптадан соң аяқталмақ.

Бұл – әзірге эскиз. Ал көп кешкіпей суреттегі саяжол Жамбыл көшесі бойындағы мына алаңқайда пайда болмақ. Ұзақ жылдар бойы ол қоршалып тұрды. Кейін, қоршауы алынды. Бірақ төңіректе ешнәрсе қолға алынбағаны баршаға аян. Аумақ кәсіпкер Константин Полтавецке тиесілі. Бизнесмен алаңды абаттандырып, қалалықтарға жақсы сыйлық жасамақшы.

Константин Полтавец – “Полтавец” ЖК директоры:

– Асфальт не жай кеспетас төсегенше, адамдар тынығатын орын жасауды шештім. Бұл менің шаһар тұрғындарына шағын сыйлығым болсын. Жақын маңда көпестердің үйлері шоғарланған. Олар өткен күннен сыр шертеді. Сондықтан аллея да тарихи стильде жасалады.

Саяжол соғуға кәсіпкер өз қалтасынан 10 млн теңге шығарған. Бүгінде аумақ күл-қоқыстан тазартылып, кеспетас төселіп қойыпты. Көп кешікпей шырша көшеттері отырғызылады. Ол ол ма ағылшындық жап-жасыл газон да төселмек. 4 орындық, тағы сонша жарықшамдар орнатылады. Айта кеткен жөн, мұндай дүниелер Санкт-Петербор қаласында тұр. Олар пушкиндік стильде жасалған.

Андрей Колесников – “Интеллект-Север” ЖШС бас инженері:

– Жарықшамдар шойыннан құйылған, өте әдемі әрі қымбат көрінетін болады. Негізі, аллея ғана емес, көлік тұрағын да жасмақшымыз. Келесі аптада асфальт төсейміз.

Шағын болса да, әдемі аллея бойымен қалалықтар шамамен екі аптадан соң серуендей алады. Қоқыс алаңына айналған, бос тұрған жердің көркейіп жатқанына тұрғындар дән риза.

 

 

Саят Ермек