Қоғам

Емделмес дертке шалдыққан балаларды қолдау

Емделмес дертке шалдыққан балаларды қолдауға арналған шара. Ресейлік ерікті Андрей НерИдный теріскейге ат басын бұрды. Азамат қоғам өкілдерінің назарын паллиативті күтімге аудартпақ ниетте. Себебі, мұндай орталықтар Қазақстан мен Ресейдің әр өңірінде кездесе бермейді. Демеушілерді тартып, проблеманы жеткізу үшін ол 4 апта бұрын Санкт-Петербургтен жолға шығыпты.

Андрей Неридный – Омбы қаласының тұрғыны. Қос дөңгелікті көлікті серік еткен жан Ресейдің дәл осы қаласынан өз саяхатын бастапты. Алдымен, Санкт-Петербургке ат басын бұрып, кейін Қазақстанға жол тартқан. Велосипедте орнатылған арнайы есептегіш құрылғы көрсеткендей, азамат 3372 шақырымды артқа тастапты.

Андрей Неридный , «Радуга» балаларға көмек қайырымдылық орталығының еріктісі, Омбы қаласы, РФ:

– Нижний Новгород, Казань ,Уфа және Екатеренбург сынды қалаларда болдым.1 күнде орта есеппен алғанда 200 шақырым жүріп өтемін. Жылдамды жолдың сапасына байланысты. Мәселен, кеше ғана Қорған облысында едім. Жолды бір күн ішінде еңсердім.

Андрей Неридныйдың велотуризмге деген қызығушылығы 10 жыл бұрын басталыпты. Осы уақыт ішінде талай рет ұзақ жолға шығып, түрлі қалаларды бағындырған. Алайда, бұл жолғы мақсаты – жай ғана саяхат емес, игі іс жасау. Азамат омбылық “Радуга” балаларға көмек қайырымдылық орталығының еріктісі. Ұйым балғындарға паллиативті күтім жасайды. Емделмейтін ауруға шалдыққандар мұнда уақытша болса да өздерінің уайымдарын ұмыта алады. Алайда, мұндай орталықтар Қазақстан мен Ресейдің әр өңірінде кездесе бермейді.

Андрей Неридный , «Радуга» балаларға көмек қайырымдылық орталығының еріктісі, Омбы қаласы, РФ:

– Менің бұл велосаяхатым паллиативті күтім жайлы халықты көбірек ақпараттандыруға арналған. Сондай-ақ, Омбыдағы “Бақытты балалық шақ үйінің” жатын корпусын салуға қажетті қаржы жинауға бағытталған. Велошеру түрінде жасалған қайырымдылық шара көптің назарын аудартуда. Бастамаға қызығушылықтарын білдіртіп, қаражат аударып жатқандар аз емес. Казань мен Уфа тұрғындарын атап айтсақ болады. Бұл аймақта осы сферада жәрдем беруге ниетті азамттардың саны басым болды.

Ерікті осы уақытқа дейін 1 млн рубль көлемінде қаржы жинаған. Азамат ертең Омбы қаласына аттанбақ. Мәре сызығын қайырымдылық орталығының алдында кеспек.

Актолкын Солтанханкызы