Балалар

Арыстық балалар қалалық саябақта болды

Өткен жексенбі күні облыс орталығына Арыстан 50-ге жуық бала келген болатын. Олар жазғы демалыста “Алтын күз” легерінде тынығып, қаламызды аралап, Петропавлмен жақынырақ танысып жатыр. Бүгін ұл қыздар қалалық саябақта болды. Онда әткеншектерге мініп, уақыттарын қызықты өткізді.

Бүгін қалалық саябақ іші – балаларға лық толы. Мұнда Арыс қаласынан келген балғындар жүр. Олар – аттракциондарды аралап мәз-мейрам. Келгендеріне небәрі 3 күн болсада шаһардағы демалыстары ұнап жатқан көрінеді. Алмат Оспанәли 6 сыныпта оқиды. Петропавлға алғаш рет келіп тұрмын дейді.

Алмат Оспанәли, Арыс қаласының тұрғыны, Түркістан облысы:

– Мен қаланың көп жерлерін аралап қыдырдым. Ойын-сауық орталықтары жақсы екен. Маған ұнады.

«Мир аттракционов» серіктестігіндегі әткеншектердің саны аз емес. Балалар кезек-кезек өздеріне ұнағандарына мініп, көңіл көтеруде.

Елена Архипенко, «Мир аттракционов» ЖШС әкімшісі:

– Біздің парк Арыс қаласынан келген қонақтарды қарсы алуда. Бүгін аниматорларымыз балаларға арнап ауқымды бағдарлама ұйымдастырды. Сонымен қатар, өрендерді бірнеше топқа бөлдік. Олар жас ерекшелігіне байланысты әртүрлі әткеншектерге мініп жатыр. Көңілдері – көтеріңкі. Балаларға осындай қуаныш сыйлай алғанымыз үшін ризамыз.

Арыс қаласының балалары Петропавлда тамыздың 21-іне дейін болады. Оқушыларға 4 тәрбиеші бекітілген. Мамандардың сөзінше, балғындарға әзірленген бағдарлама ауқымды.

Сұлушаш Жүсіпбекова, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің мұғалімі, Арыс қаласы:

 – Лагерьде балаларға арнап әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Демалыстарын жақсы көңіл-күймен өткізіп жатыр. Сондай-ақ, 5 мезгіл тамақтанады.

Қазіргі күні балалар қала сыртындағы «Алтын күз» лагерінде тұрып жатыр. Уақыттары спорттық шаралар және үйірмелерге қатысумен өтеді екен. Сондай-ақ, Петропавлдың көрікті жерлерін де аралайды.