Қоғам

Жас кәсіпкерлерді оқыту басталды

Бүгін Петропавлда солтүстікқазақстандық жас кәсіпкерлерді оқыту басталды. Шара 15 күнге созылмақ. Осы уақыт ішінде білікті мамандар 70-ке жуық қыз-жігітке істің қыр-сырын үйретпекші. Алғашқы семинар-тренинг Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтті.

Арамызда өз кәсібін ашқысы келетін ынталы жастар жетерлік. Бірақ көбі істі қалай және неден бастарын білмейді. Демек мұндай жандарға бағыт, бағдар беру қажет. Осындай мақсатпен ұйымдастырылған семинар-тренингте кәсіби мамандар қыз-жігіттерді толғандыратын сұрақтарға жауап беріп жатыр. Кейбірі бизнестің қыр-сырын үйретіп, нарықтық қатынастардың тиімділігін түсіндіруде. Бастамасын табысты еткісі келетіндердің қатарында Рүстем Арманов та бар. Ол бүгінгі шарада біліктілігін шыңдап, мол тәжірибе жинақтағысы келеді.

Рүстем Арманов – семинар-тренингке қатысушы:

– Мұнда келгенімнің басты себебі медицина саласын дамытудың жаңа жолын ойлап тапқым келеді. Медицина саласында жүзеге асырғым келген 2 идеям бар.

Каратэші Сұлтан Жақан да кәсіппен айналысқысы келеді. Бірақ, әлі нақты қандай істі қолға алатынын ойластырмапты.

Сұлтан Жақан – семинар-тренингке қатысушы:

– Облыс орталығында осындай шара өткізіліп жатқанына қуаныштымын. Негізі алға қойған мақсаттарым бар. Оны жүзеге асырғанға дейін, мамандардың ақыл-кеңесін алғым келеді. Кейін өз ойымды дамытып, жүзеге асырамын.

Осы орайда «Жас кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламасы жайлы толығырақ баяндай кетсек. Бұл жоба биыл қолға алынды. Оған 18 бен 29 жас аралығындағы өзін-өзі жұмыспен қамтып және екі қолға бір күрек таппай жүрген жандар қатысып, тегін білім алады. Шеберлік сабақтары 15 күнге жоспарланған. Семинар-тренинг таңғы 9-дан түскі 14:00-ге дейін жалғасады.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Кәсіпкер деген кім? Оның бойында қандай қасиеттері болу керек?. Қатысушылар осы сұрақтардың жауабын оқыту барысында білетін болады.

Оқыту сабақтары аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табыс етіледі. Сондай-ақ, 15 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Ал, өзінің бизнес-жоспарын әзірлеп, сәтті қорғағандарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Яғни, жоба барлық талаптарға сай болса, жас кәсіпкерге 500 мың теңге дейін қайтарымсыз гранд беріледі.

Маржан Касымбек