Білім

ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер қабылданады

Тағы бір мүмкіндік! Биылғы мектеп түлектері Ұлттық біріңғай тестілеуде 4-ші және соңғы рет бақ сынай алады.

Тамыздың 17-сі мен 20-сы аралығында елімізде кезекті мәрте маңызды сынақ өтпек. Оған қатысу үшін талапкерлер шілденің 25-нен келесі айдың 3-не дейін өтініш берулері қажет. Біздің өлкемізде құжатты Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ 6-шы корпуста орналасқан қабылдау комиссиясына тапсыра аласыздар. Емтихан ақылы түрде өтеді. Оның құны – 2242 теңгені құрайды. Айта кеткен жөн, бұл тестілеуге қатысқан ұл-қыздар мемлекеттік грантқа үміт арта алмайды. Жалпы, үстіміздегі жылы 110 мыңға жуық жас ҰБТ-да білімдерін сынапты. Олардың 82 мыңнан астамы 50 балдан жоғары ұпай жинаған екен.

Ирина Голодова – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Тестілеуден қайта өткісі келетін талапкерлер бізге мынандай құжаттарды әкелулері шарт. Олар жалпы орта білімі туралы куәліктің түпнұсқасын, төлемнің жасалғандығын растайтын түбіртек, 3×4 көлеміндегі 2 фотосурет пен 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы тапсырулары керек. Тағы, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қажет. Мектеп түлектері үшін қабылдау комиссиясы дүйсенбі мен жұманың аралығында таңғы 9-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал демалыс күндері де солай. Бірақ, онда кезекші мамандар келушілерді қарсы алады.

Актолкын Солтанханкызы