Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жол сапасы – назарда!

Жол сапасы – назарда! Енді, республикалық былай тұрсын, облыстық, аудандық, қалалық тіпті ауылішілік жолдардың жағдайы жіті қадағаланатын болады. Ол үшін өңірде трассалардың тегістігі мен беріктігін тексеретін арнайы зертхана жұмыс істеуде. Онда бүгін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов болып, мамандардың ісімен және материалдық-техникалық базасымен танысты.

Асфальт жабындысы қаншалықты берік? Арнайы қондырғы қазір осыны тексеріп жатыр. Қиыршық тастың сапасы да сынақтан өтуде.

Бұл – жол сапасын бағамдайтын арнайы ұлттық орталықтың теріскейдегі зертханасы. Байқаған шығарсыздар, материалдық-техникалық база мұнда мықты. Мәселен, датчиктермен жарақталған мына көлік трассаның тегістігін тексерсе, келесі құрылғы оның беріктіктігін анықтайды. Бірер жыл бұрын салынды ма, әлде қазір салынып жатыр ма – маңызды емес. Бақылау барлық жолдарда жүргізіледі. Сондықтан, мердігер жіберген бір де бір олқылық байқаусыз қалмайды дейді мамандар.

Загир Сағынов – «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК бас директорының міндетін атқарушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бұрын да зертханалар болды. Біз республикалық маңызы бар жолдарды ғана тексердік. Биылдан бастап аудандық, облыстық жолдар ғана емес, ауыл мен қала ішіндегі жолдарды да тексереміз.

Алайда, аудандық, облыстық, қала және ауылішілік жолдардың сапасын бағамдау үшін жергілікті билікке мекемемен келісімге отыру керек, қаржы бөлу қажет екен. Облыс әкімдігі әріптестікке әзір. Сондықтан, қолда бар қондырғылармен, зертхананың жалпы жұмысымен аймақ басшысы таныспаққа келді. Өйткені, қазіргі таңда өңір трассаларының шамамен 40 пайызының жағдайы көңіл көншітпейді екен. Олардың 700-дей шақырымен жөндеуге биыл 37 млрд теңге бағытталып отыр. “Қомақты қаржы босқа кетпес үшін бақылауды күшейту керек”,- дейді әкім.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр қанша қаржы құйып, жүздеген шақырым жолды жөндеген едік. Бір жыл да өткен жоқ, басым бөлігінде ой-шұқырлар пайда болған. Айтарға сөз жетпейді. Енді бірлесе жұмыс істеп, сапаны жіті қадағалайтын боламыз.

Мердігер арзан, сапасыз материал төсейді, іске сылбыр қарайды. Жолдың тез бұзылуының бір себебі – жауапсыздық. Екінші себеп – жүк көліктері. Ауыр машиналардың жабынды шыдатпайтыны айтапаса да түсінікті. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, проблеманы шешуге қоғам да белсенді араласуы тиіс. Жоқ дегенде, қазір әр азаматтың қолында смартфон бар емес пе?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дұрыс жөндеу көрмеген, сапасыз жолдарды суретке не видеоға түсіру керек. Қай жер екенін жазып, әлеуметтік желілерге жіберу қажет. Бұған көп уақыт кетпейді. Әкім аппаратының инстаграмм, фейсбуктегі парақшаларына жұртшылық жолдап отырса, тиісті шара қолданылады. Мердігерге жолды қайта жөндетеміз.

Қайта жөндетеміз демекші, Құмар Ақсақалов жұмыстарды жүргізген компаниялар беретін кепілдеме уақытын ұзарту қажет деп санайды. Мәселен, республикалық трассаны қалпына келтірген, не күрделі жөндеген мердігер атқарған шаруасына көп дегенде 5, ал орташа жөндеуге 2 жыл кепілдік береді екен. Мерзімді арттырсақ, жауапты жандар да іске жоғары жауапкершілікпен қарайтын болады.

 

Саят Ермек