Балалар

Арыстық балаларға арналған экскурсия

Балаларға базарлық! Бүгін Арыс қаласынан келген 50-ге жуық ұл-қыз Оқушылар сарайына экскурсия жасады. Олар түрлі технологиялармен танысты, ойындар ойнап, уақыттарын қызықты өткізді.

Бұл – Арыс қаласының ұл-қыздары. Олар қаламызға жексенбі күні келгені мәлім. Бүгін балалар оқушылар сарайын аралап жүр. Меймандарды мұндағы террария аймағы бей-жай қалдырмады. Барлығы бірдей үлкен экранның маңына жиналып, қызықты ойындарды ойнауда. Солардың бірі – Әкімхан Ералхан. Ол Петропавлға 11 жасар інісімен келіпті.

Әкімхан Ералхан – Арыс қаласының тұрғыны:

– Петропавл маған ұнады. Ауа-райы жақсы. Бірақ, таң ертен жаңбыр жауды. Біз жарылыс күні інімізбен үйде болдық. Сосын інімді алып әкеміздің жұмысына қаштық.

24 маусым күні болған жойқын жарылыс арыстық әр баланың есінде. Бірақ, қазір бұл жайтты ұл-қыздар бірер сәтке ұмытқан секілді. Себебі, олар Оқушылар сарайында түрлі технологиялармен танысып, уақыттарын қызықты өткізіп жатыр. Мұндай демалыс 8 жасар Абылай Есімбекке ұнаған екен.

Абылай Есімбек – Арыс қаласының тұрғыны:

– Оқушылар сарайы өте ұнады. Бізде Арыста ондай жоқ. Ауласы да кең екен.Түрлі ойындар бар. Көңіл-күйім жақсы.

Оқушылар сарайының ұжымы алыстан келген кішкентай қонақтарға ерекше дайындалыпты. Олар көтеріңкі көңіл-күй силау үшін түрлі ойындар әзірлеген. Солардың бірі – виртуалды шындық көзілдіріктері. Дәл осы ойын ұл-қыздардың қызығушылығын тудырды.

Нұрзия Майлина – Оқушылар сарайы директорының орынбасары:

– Біздің басты мақсатымыз – балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау. Қонақтарымыз болған оқиғаны ұмытқанын қалаймыз. Тағы, Арысқа барған кезде ата-аналарына демалыс жайлы әңгімелеп, қаламыздан алған әсерлерін жеткізсе дейміз. Әр бала бақытты болуға лайықты.

Айта кетейік, біздің өңірімізге Арыстан 50-ге жуық ұл-қыз келген болатын. Олар 1 ай бойы «Алтын күз» лагерінде тынығатын болады. Оған қоса, қаламыздың көрікті жерлеріне экскурссия жасайды.

 

 

 

Ешкенова Дана