Құқық қорғау органдары

Полиция қызметкерлерінің қатары 20 офицермен толықты

Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының қатары 20 офицермен толықты. Оларға погон мен қызметтік куәлік салтанатты түрде табысталды. Жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері де қатысып, жас буынға жылы лебіздерін білдірді.

Әр қызметкер үшін бұл көптен күткен күн. Себебі, бүгін орта арнайы білімі бар мамандар кіші лейтенант погоны мен қызметтік куәлік алуда. Ал, жоғарғы оқу орнын тәмамдаған жандарға лейтенант атағы беріліп жатыр. Тәртіп сақшыларын облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев құттықтады.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Полиция қызметкерлеріне қойылатын басты талап – халыққа адал қызмет ету, заңды орындау. Барлық оқиғаларға дер кезінде жауап беру. Бүгінгі таңда мемлекет полиция органдарына қолдау көрсетеді. Мысалы, офицерлік құрамға ауысқан мамандардың еңбекақысын арттырады, тұрғын үй ақысын төлейді. Өмірлеріңіздегі маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтаймын.

Жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері де қатысты. Олар сөз алып, артынан ерген ізбасарларына жылы лебіздеріне білдірді. Жас мамандар үлкендердің сөзін жерде қалдырмай, адал қызмет етуге дайын екендіктерін айтуда.

Мадияр Жанболсинов – Петропавл қалалық патрульдік полиция батальонының инспекторы:

– Мен бала кезден полиция қызметкері болуды армандаған едім. Бүгін міне кіші лейтенант шенін алдым.

Іс-шараға соңында қатысушылар естелік суретке түсті. Кейін, мұражай залдарын аралап, жәдігерлермен танысты.