Денсаулық сақтау

Жыл басынан бері 80-нен аса теріскейлік ЖИТС жұқтырыпты

Жыл басынан бері жүре пайда болған иммундық дефицитiнiң синдромын 80-нен аса солтүстікқазақстандық жұқтырыпты. Олардың арасында балалар да бар. Бұл ақпарды ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтықтың мамандары мәлімдеді.

Жүре пайда болған иммундық дефицитiнiң синдромын емдеуге бүкіләлемдік медицина әлі күнде қауқарсыз. Сондықтан да бұл ауру ғаламдық проблемаға айналып отыр. Мамандар вирус жұқтырған адамды ажалдан алып қалу мүмкін емес екен айтады. Олардың өмірін түрлі ем-дом қабылдау арқылы ғана тек ұзартуға болады. Бүгінде облысымызда СПИД-ке шалдыққан 1 мыңнан аса адам бар. Солардың 14-і балалар.

Любовь Бунина – ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық бас дәрігерінің орынбасары:

– Облысымызда эпидемия басталғалы бері індетті жұқтырған адам саны 1400-ден асты. Жыл басынан бері 80-нен астам адам тіркелді. Өткен жылы ЖИТС-пен ауыратын 9 бала тіркеуде болған. Биылғы жартыжылдықта олардың саны тағы 4-еуге көбейіп отыр. Дертке шалдыққан ұл-қыздардың басым бөлігі өңірімізге өзге аймақтан көшіп келгендер.

Ақ халатты жандардың сөзінше вирусты көп жағдайда нашаға тәуелді жандар таратады. Оған қоса жыныстық қатынас арқылы да ауруды жұқтырып алу мүмкін. Кей кездері аталған дертке жүкті әйелдерде шалдығып жатады. Егер олар дәрігерлердің қарауынан өтіп, емделмесе синдром іштегі балаға да жұғады екен. Өңірімізде мұндай факті 13 жыл бұрын тіркеліпті.

Ольга Шилкина – ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың бөлім меңгерушісі:

– 2006 жылы вирусты жұқтырған бала дүние келді. Қазір оның жағдайы жақсы. Үздіксіз дәрігерлердің қарауынан өтеді. Мамандар нұсқау берген дәрілерді қабылдап жүр. Жерлесіміз ата-анасымен тұрады, әрі мектепке де барады. Оның дертке шалдыққандығын науқастың жақындарынан басқа ешкім білмейді. Себебі, баланың ауыратындығын жариялауға болмайды.

Өңірімізде қауіпті дертті жұқтырған жасөспірімдер де бар. Олардың 70 пайызы есірткі тұзын қолданатындығын анықталған. Жалпы, жүре біткен иммундық тапшылық синдромына шалдыққан адамдардың тек 50 пайызы ғана тұрақты тексерістен өтіп тұрады. Ал, қалғандары мүлде ақ халаттылардың жәрдеміне сүйенбепті. Сөз соңында статистикаға тоқталсақ. Қазіргі күні біздің облыс елімізде СПИД-пен ауыратындардың саны бойынша 5 орында.

Маржан Касымбек