Мәдениет

Владимир Гундаревті еске алу кеші өтті

Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Владимир Гундаревті еске алу кеші өтті. Жерлесіміз көзі тірісінде Қазақстан жазушылар одағына мүшелік етті. Жиырмадан аса кітап жазды. Жүрек қылын тербетер өлеңдері де баршылық.

Владимир Гундарев – қазақстандық танымал ақын, жазушы, прозашы. Ол республикалық «Нива» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналының бас редакторы болды. Жерлесіміз 69-ға қараған шағында көз жұмды. Бүгін теріскейліктер азаматты еске алып жатыр. Көпшіліктің арасында Ирина Матвеева да бар. Нәзікжанды Владимир Романовичпен жақсы араласыпты. Оған бір кездері талант иесі “Женщины 50 лет” өлеңдер жинағын сыйға тартып, қолтанбасын қалдырған екен.

Ирина Матвеева – ҚР Жазушылар Одағының мүшесі:

 – Владимир Романович жан-жақты адам болатын. Ол небәрі 18 жасында журналистер одағының мүшесі атанды. Жерлесіміз қазақ, түрікмен және украин тілдерінде жазылған поэзиялық және прозалық шығармаларды орыс тіліне аударған. Деректі кино және телефильмдердің, театр спектакльдеріне арналған өлеңдердің авторы. Өмірімде осындай талантты жанмен таныс болғаныма қуанамын.

Жалпы, Владимир Романович шығармашылықпен 1959 жылдан бастап айналысыпты. Ол жиырмадан аса кітаптың авторы. Көбінесе ауыл, адам өмірі жайлы өлеңдер жазыпты. Тіпті, оның туындылары нотаға түскен. Мысалы, “Менің ауылым” әнінің сөзі ақынға тиесілі. Бұл еңбек өте танымал. Себебі, аталған шығарма бір кездері Бүкілодақтық радиодан жиі ұсынылып тұрыпты. Айта кеткен жөн, жерлесіміздің жырлары қазақ, украин, неміс, корей, словак, француз, испан, португал тілдеріне аударылған. Кеш соңында қатысушылар ортаға шығып, ескірмес естеліктерімен бөлісті, өлеңдер оқыды.

Владимир Тимошин – «Қазақстанның орыс қауымдастығы» ҚБ СҚОФ мүшесі:

– Мен Владимир Гундаревқа арнап өлең шығардым. Бүгінгі кеште оны халықтың алдында оқып бердім. Осындай талантты жан дүниеден ерте кеткені өкінішті. Бірақ, жерлесіміз ерте көз жұмсада,
өскелең ұрпаққа үлкен мұра қалдырып кетті.

Бүгін Владимир Гундарев тірі болса 75 жасқа толар еді.

Ешкенова Дана