Спорт

Петропавлда асық атудан ел чемпионаты бастау алды

Мергендер мен ептілердің бәсекесі! Бүгін облыс орталығында асық атудан ел чемпионаты бастау алды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 60-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Ұлттық ойынды дамытып, өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған бұл дода үш күнге созылмақ.

Бұл жерде ұлдар «Бес табан» ойнап жатыр. Ереже бойынша диаметрі 5 метрді құрайтын шеңбердің ортасы сызылады. Оған жағалай 15 асық тізіледі. Міне, соларды екі ойыншы жарты метр қашықтықтан кезек-кезек атуда. Сақа тиген асық міндетті түрде дөңгелектен шығуы шарт. Әйтпеген жағдайда ойыншы жеңіліс табады.

Айбек Амангелдіұлы, жарысқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Мен Нұр-Сұлтан қаласынан келдім. Асық атуды 12 жасымнан бері ойнаймын. Бүгінгі алғашқы сайысымыз Қостанай қаласынан келген командамен өтті. Біз оларды 2:1 есебімен жеңдік. Алда тағы Ақмола облысы бар. Жеңіске жетеміз деген ойдамын.

Ал мына жерде қыздар «Бес асық» ойнап жатыр. Ортада Шымкент пен теріскейлік құрама. Бәсекеде өңір намысын Шал ақындық Сәния Зейкенова қорғауда. Жерлесіміз мықтылық танытты. Ол қарсыласын оңай жеңді.

Сания Зейкенова, жарысқа қатысушы:

 – Мен “Бес асық” ойынын 7 сыныптан бастап ойнап келе жатырмын. Бұл біздің ұлттық ойын. Оны тастамай жалғаструымыз керек. Біз бірінші ойынды Шымкент қаласымен ойнап, оларды 2:1 есебімен ұттық. Келесі қарсыласымыз Қостанай облысынан келген қыздар.

Ата-баба дәстүрін жалғастырып ұлттық ойынды дәріптеген сайыста еліміздің 7 облысы бақ сынысып жатыр. Нақтырақ айтсақ, осыншама өңірдің 2003 пен 2005-ші жылы туылған ұл-қыздар бәсекелесуде. Олар 14 құрамаға бөлінген.

Жомарт Сабыржанов, «Асық ату» республикалық федерациясының директоры:

 – Міне, өздеріңіз көріп отырғандай ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлттық ойындардің бірі асық атудан чемпионат өтіп жатыр. Мында жасөспірімдер бәсекелесуде. Ұлттық ойынымызды қазір дамыту үстіндеміз.

Жалпы, осындай чемпионат қаламызда екінші мәрте өткізіліп жатыр екен. Сайыс 3 күнге жалғасады. Асығы алшысынан түсіп, үздік шыққан ойыншыларға арнайы алғыс хаттар мен медальдар табысталмақ.