Қоғам

Жастарға арналған семинар-тренинг

Кәсіпкерлік тақырыбынан алыстамаймыз. Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жергілікті жастарға арналған семинар-тренинг өткізілді. Жиында сала өкілдері ұл-қыздармен жүздесіп, бизнес бастау жайында дәріс оқыды. Өз кезектерінде тыңдаушылар мамандарға сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды.

Шараға жиналғандардың басым бөлігі жастар. Көбі болашақта өз кәсібін ашуға ниетті. Олар белгілі бір істі қолға алу үшін, мол тәжірибенің керек екенін жақсы біледі. Дәріс тыңдап, алған білімін ұтымды пайдаланғысы келетіндердің қатарында – Евгений Соловьев та бар. Биыл бозбаланың жасы небәрі 17-ге толыпты. Мектеп оқушысы қазірден-ақ алдына үлген мақсат қойыпты.

Евгений Соловьёв – семинар-тренингке қатысушы:

–  Мамандар өте маңызды тақырыптарды қозғап жатыр. Өзіме көп ақпарат алдым. Мұндағы мәлімет маған керек болары сөзсіз. Өзім қазір еріктілер қатарында жұмыс істеймін. Болашақта осы волентерлыққа байланысты жоба әзірлегім келеді. Істі бастап та кеттім. Жұмысым сәтті шығу үшін көп еңбектену, іздену қажет.

Жиында білікті мамандар түрлі бағдарламалар бойынша дәріс оқыды. Мысалы, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі Рахымбек Зейнуллин үстіміздегі жылы қолға алынған «Жас кәсіпкер» жобасы жайлы баяндап жатыр. Тың бастама аясында жерлестеріміз 15 күн семинар-тренингқа қатысып, бизнес негіздерін меңгереді. Кейін, мемлекеттен несие ала алады.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– 18-29 аралығындағы жастар қатыса алады. Жас кәсіпкерлермен білікті мамандар жұмыс істейтін болады. Қатысушылар соңында дайындаған жобасын облыстық комиссия алдында қорғайды. Кейін 500 мың теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болады.

Жалпы, бизнес-тренингқа 50-ге жуық жас қатысты. Олар жиын соңында ұйымдастырушыларға өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Сөз соңында айта кетейік, аталған шара облысымыздың барлық ауданында өткізіледі. Мамандар тамыз айының соңына дейін теріскейлік жастармен кездесуді жоспарлап отыр.

Маржан Қасымбек