Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жартыжылдықты қорытындылады

Бүгін облыстық мәслихаттың 35-ші сессиясы өтті. Алқалы жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жартыжылдықты қорытындылады. Соңғы алты ай ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде біраз өзгерістер орын алыпты. Мысалы, өлкемізде экспорт көлемі ұлғайған, ал импорт керісінше кеміпті. Бірқатар салаларда өсім бар.

Соңы 6 айда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалады. Мұны мінберге шыққан аймақ басшысы айтты. Маңызды деген барлық бағыттарда өсім бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Инвестициялар көлемі 14,4% өсіммен 88 млрд. теңгені құрады. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында дайын өнім шығару деңгейі 3,6% және 2,2%-ке жоғарылады. Соңғы екі жылда экспорт 25% ұлғайды. Ал импорт 18% дейін қысқарды.

Құмар Ақсақалов баяндамасында агроөнеркәсіптік кешенге ерекше тоқталды. Биыл біздің диқандар 4,2 млн гектар танапқа дән сіңірген. 2019-да теріскей жаңа жоба – “Солтүстік соясы” бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 20 мың гектар алқапқа соя ектік. 2020-шы жылы оның аумағын 150 мың гектарға жеткізбекшіміз. Бұл дақыл бидайға қарағанда 2 есе көп пайда әкеледі. Себебі, сояның бір тоннасы нарықта 150 мың теңге тұрады.

Жерді жұмыс істейтін шаруашылықтарға беру керектігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты емес пе? Танаптарын дұрыс пайдаланбайтын шаруашылықтар бізде де баршылық. Олар алқапты тыңайтпайды, күтім жасамайды, сәйкесінше, күзде аз өнім алады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Қызылжар ауданындағы «Шағала агро» мен «Крахмал агро» серіктестіктерін мысал ретінде алайық. Әрқайсысының қарамағында 7 мың гектардан астам жер бар. Алайда “Шағала агро” бір гектардан 35 центнер өнім алады, ал «Крахмал агро»-дағы шығымдылық 33%-ке кем. Салдарынан, бұл шаруашылықтағы жұмысшылардың жалақысы да екі есе аз.

Құмар Ақасақалов мұндай шаруашылықтардан жердің тартылып алынатындығын қадап айтты. Мысалы үшін, соңғы 3 жылда 660 мың гектардай аумақ мемлекет меншігіне қайтарылған. Қарқынды дамып келе жатқан тағы бір бағыт бұл – мал шаруашылығы. Жыл аяқталғанша ет пен сүт өндірісін – 2, ал жұмыртқа өндірісін 5 пайызға арттыруды межелеп отырмыз. Биыл барлығы 2300 бас ірі қараға шақталған 4 сүт-тауарлық ферма салынады. Біреуін аграрий Еркебұлан Мамбетов іске қоспақшы. Алайда, кәсіпкер білікті сала мамандарының тапшылығын алға тартып отыр.

Еркебұлан Мамбетов – “Мамбетов и К” КС бас директоры, Мамлют ауданы:

– Агроном, инженер, механик мамандар керек, сүт-тауарлық ферма салып жатқасын зоотехник және ветеринар мамандар да қажет болып тұр. Олардың үй мәселелерін шешуге, көтермеақы беруге дайынбыз

Ал өнеркәсіпте соңғы 6 айда 3,5 пайыздық өсім байқалады. “Бұл – салада тындырылып жатқан қыруар шаруаның жемісі”,- дейді Құмар Ақсақалов. Мысалдар жетерлік. Биыл ПАМЖЗ – 4,5, ал Киров атындағы зауыт 2,2 млрд теңгеге жаңғыртылуда, Сырымбетте қалайы өндірілетін болады, ал “Радуга” серіктестігі жақында сабын шығаратын Қазақстандағы жалғыз фабриканы іске қоспақшы.
Бұқараның көкейін тескен бір түйіткіл бар. Бұл – баспана мәселесі. Соңғы үш жылда халық игілігіне берілген үйлердің санын біз екі есеге арттырған екенбіз. Биыл, Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 2240 пәтерді қолданысқа беру жоспарда. Нәтижесінде 8300 теріскейлік, оның ішінде 126 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайды. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 851 пәтер тапсырылмақ. Жол салу мен жөндеу, халықты ауыз сумен қамту бағытында да қыруар іс тындырылып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл 37 млрд теңге бөліп, өңірдегі автомобиль жолдарының 705 шақырымын жөндеп жатырмыз. Ал ауылдағы ағайынды сапалы ауыз сумен қамтуға 9,1 млрд бағытталды. Бұл үлкен қаражат, өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға артық. Осының арқасында 32 елді мекенге тіршілік нәрін тартамыз. Нәтижесінде 26 жарым мың жерлесімізге таза су жетеді.

Мұның бәрі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында жасалып жатыр ғой. Бұл үшін, әрине, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын да жетілдіру керек. Бүгінде емханаларда ұзын сонар кезек, тар бейінді дәрігерлер жетіспейді. Аймақ басшысы биыл өлкеге 169 ақхалаттының келетіндігін айтты. Ал жаңа замануи қондырғыларды сатып алуға өңір қазынасынан бақандай 3 млрд теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 1 миллиардқа компьтерлік томмограф, сандық маммограф, ультрадыбыстық зерттеу аппараты мен магниттік-резонанстық томограф алынған. Ал білім беру саласына үстіміздегі жылы қомақты қаржы – 60 млрд теңге бағытталмақ. Бұл өңір бюджетінің 30 пайызы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл мектептерге күрделі жөндеу жасауға өткен жылмен салыстырғанда 12 есе артық ақша, нақтырақ айтсақ 5 жарым миллиард теңге бағыттадық. 48 қалалық, 94 ауылдық білім ұясы жөндеу көреді. Шаһардағы мектептерде 3 ауысымдық оқу түйткілі өзекті тұр. Мәселені шешу үшін Петропавлда 2 жаңа оқу ошағы салынып жатыр. “Береке” ықшам ауданындағы нысан қыркүйектің бірі балғындарға есігін айқара ашпақ. Одан бөлек, тағы бір ғимараттың құрылысы жақында басталады. Осы орайда айта кетейін, биыл Бескөлде 1 мектеп, екеуі Тайынша ауданында бой көтереді.

Қоғамның әлжуаз топтары да назарда. Бүгінге дейін 4 мың теріскейлік отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. 1 мыңнан астамы – аз қамтылған жанұялар. Жергілікті билік оларға 935 млн теңгенің материалдық жәрдемін көрсеткен. Жуық арада аутист балғындарды тәрбиелеп отырған ата-аналардың мәселесі де шешіледі. “Асыл Мирас” қорының бас болуымен Петропавлда аутизм дертіне шалдыққан бүлдіршіндерге арналған оңалту орталығы ашылады. Өз жұмысын ол қыркүйектің бірі бастамақ. Жыл соңына дейін осындай тағы 3 орталық ашылады деді аймақ басшысы.

Саят Ермек