Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасуда

“Мектепке жол” қайырымдылық акциясы жалғасуда. Шара биыл өңірімізде шілденің 1-нен бастау алды. Екі апта ішінде қалалық бюджет есебінен 68 балғынға материалдық көмек көрсетілген. Мұндай жәрдем
30-шы қыркүйекке дейін жалғаспақ. Оған дейін 10 мыңдай балғынды керек-жарақпен қамту жоспарлануда.

Кеңсе тауарлары, сөмке және мектеп формасы. Міне, осыларды қыркүйек айына дейін сатып алу керек. Алайда, қажетті заттардың бағасы қалта қағады. Әсіресе, материалдық жағдайы төмен отбасыларға жоғарыда аталған дүниелерді алу қиын. Сол себебепті елімізде жыл сайын игі акция ұйымдастырылады.

Татьяна Протопопова, СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Осымен 13-ші жыл қатарынан елімізде Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді. Негізгі мақсат – аз қамтылған, көпбалалы және толық емес жанұялардың балғындарына материалдық көмек көрсету.

Үстіміздегі жылы акция шілденің 1-і бастау алды. Бүгінде көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі жасалып жатыр.

Татьяна Протопопова, СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Көмек сұрап, өтініш білдірген жанұялардың жағдайымен танысу үшін рейдтерді өткіземіз. Үйлерге барып, отбасы мүшелерімен кездесеміз, тұрғындардың тұрмысын көреміз. Егер де барлығы акцияның талабына сай болса, балғын тізімге қосылады. Яғни, балаға қажетті көмек жасалады.

Акция аясында өткен оқу жылында 10 мыңнан аса оқушыға материалдық көмек көрсетілген. Олардың 4400-ге жуығына мұндай жәрдем бюджеттік қаражат есебінен беріліпті. Қалғандарын мектепке даярлауға жеке кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банктер мен түрлі ұйым өкілдері септескен. Биыл да 10 мыңдай баланың білім алуына қажетті дүниелерін сатып алу жоспарлануда. Жалпы, шілденің бірінен бастап 68 петропавлдық оқушыға материалдық жәрдем көрсетілген. Бұл мақсатқа 195 мың теңгедей қаражат жұмсалыпты. Акция қыркүйектің 30-на дейін жалғасады. Бұл – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдауға бағытталған жалғыз шара емес.

Айнагүл Сұрағанова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Жалпы 2019 жылға қалалық бюджет есебінен 92 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Бұл жалпыға міндетті оқыту бағдарламасы бойынша жасалып отыр. Оның 70 миллионына теңгеден астамы оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға, 18 млн жуық қаражат жазғы демалысты ұйымдастыруға арналған.

Ал, қалған сома 1-ші қыркүйекке дейін балаларды мектепке әзірлеуге бағытталмақ.

Актолкын Солтанханкызы