Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да 2 жаңа мамандық ашылады

Агроөнеркәсіптік кешенде кадр жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, мал шаруашылығында еңбек ететін жандар аз. Осы мәселені шешіп, жұмысшы жастардың санын арттыру мақсатында биыл М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 2 мамандық ашылмақ.

Камила Сыздықова – Якорь құс фабрикасының бас технологы. Дипломын өткен жылы ғана қолға алған жас маманның міндеті – тауықтардың жағдайы мен дұрыс тамақтануын қадағалау. Өйткені, жұмыртқаның сапасы осыған тікелей байланысты.

Камила Сыздықова – “Якорское” ЖШС бас технологы:

– Мамандыққа кездейсоқ келген жоқпын. Өзім ауылдан шыққанмын. Сондықтан, жануарлармен жұмыс істеген ұнайды. Білім алған университет мені Германияға тәжірибе жинақтауға жіберді. Сол жақта жарты жыл бойы құспен дұрыс жұмыс жасауды үйрендім. Білген-түйгенімнің бәрін қазір қызметімде қолданып жүрмін.

Аида Айтымова да фабриканың технологы. Камила екеуі 4 жыл бойы бір топта оқып, бір кәсіптің қыр-сырын меңгерген. Қазір бірге жұмыс істейді. Екі қолға бір күректі бойжеткендер қиналмай-ақ тапқан. Өйткені, мамандықтарына деген сұраныс біздің өңірде аса жоғары.

Аида Айтымова – “Якорское” ЖШС технологы:

– Үшінші курста дәл осы фабрикаға өндірістік тәжірибеден өтуге келдім. Мұндағылар бірден жұмыс орнын ұсынды. Диплом алған соң ойланбастан қызметке тұрдым. Жауапкершілік, әрине, жоғары. Бірақ, алған сапалы білімімнің арқасында қиналып жатқан жоқпын. Жас маман болғандықтан, жалақым да аз бола ма деп ойлаған едім. Бірақ, айлығым көңілімнен шығады.

Бойжеткендер М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың агротехнологиялық факультетінде білім алған. Технологтардан өзге, мұнда агрономдар және орманшылар даярланады. Ал биылғы оқу жылынан бастап биотехнологтар мен фитосанитария саласының мамандары да әзірленетін болады. Факультетте берілетін білім сапалы, гранттардың да саны молынан. Алайда, ауыл шаруашылығы саласын таңдайтын талапкерлер көп емес.

Инна Джемалединова – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехнологиялық факультеті деканының орынбасары:

– Мектеп түлектерінің көбі ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқуға түсуге үрейленетін сияқты. Өйткені, кәсіпті қиын деп санайды. Айтарым, соңғы жылдары салаға сандық технологиялар қарқынды ендіріле бастады. Сондықтан, агрономдар, технологтар мен орман шаруашылығы мамандарының жұмысы әжептәуір жеңілдей түсті. Әрі олардың жалақылары да жоғары.

Докторлар, кандидаттар, магистрлер – агротехнологиялық факультетте барлығы 29 оқытушы жұмыс істейді. Студенттер облыстағы фермалар мен кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, кейін осында жұмысқа орналаса алады. Тіпті, Камила Сыздықова сияқты шет елге шығып, тәжірибе жинақтау мүмкіндігі де бар. “Аграрлық аймақ саналатын теріскейге білікті сала мамандары ауадай қажет”,- дейді ауыл шаруашлығы ғылымдарының кандидаты Ақан Жүнісов. Сөзінше, өлкемізде жұмыс табу оларға қиынға соқпайды.

Ақан Жүнісов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Азық-түлік қауіпсіздігі” кафедрасының доценті:

– Көптеген шаруашылықтарда шетелден малдың әр түрін әкеліп жатыр. Осы асыл тұқымды малмен жұмыс істейтін білікті мамандар керек. Біз оларды дайындап жатырмыз. Біздің мамандар қазір облыстың көптеген шаруашылықтарында істеп жатыр, біздің мамандарға деген сұраныс өте көп.

Бүгінде факультетте 540 жас білім алады екен. Олардың 200-ден астамы өткен жылы оқуға түсіпті. Айта кеткен жөн, студенттердің шамамен 80 пайызы мемлекеттік тапсырыс, яғни грант бойынша оқиды.

Саят Ермек