Спорт

«Құлагер» ХК кезекті маусымға дайындалып жатыр

55 ойын, қола жүлде. Былтыр петропавлдық «Құлагер» хоккей клубы ел чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, 3-ші орын иеленген болатын. Жерлестеріміз биыл да намысқа тырысып, жүлдеге таласпақ ниетте. Олар қазір алдағы маусымға тыңғылықты дайындалып жатыр. Құрама сапына жаңадан ойыншылар келіпті.

Жергілікті хоккейшілер оқу-жаттығу жиындарын шілденің бірі күні бастапты. Жерлестеріміз алдымен тренажерлық залда және жасыл алаңда жаттыққан. Онда спортшылар физикалық дайындықтарын пысықтаған екен. Ал, бүгін мұз айдынына шығып отыр. Олар мұнда тактикалық шеберліктерін шыңдап жатыр. Теріскейлік жігіттер алдағы ел чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінгісі келеді.

Олег Гущин – “Құлагер” ХК бас жаттықтырушысы:

– Команда мүшелері түске дейін тренажерлық зал мен алаңда жаттығады. Түстен кейін мұз айдына шығады. Қазір хоккейшілер арнайы нұсқаулықтар бойынша шеберліктерін шыңдап жатыр. Мұндай дайындық осы аптаның соңында аяқталмақ. Ал келесі жұмадан бастап толықтай айдында жаттығу жасаймыз. Келесі маусым тартысқа толы болмақ. Ел біріншілігінде былтырғыдай жоғары жетістікке жетуге тырысамыз.

Биыл «Құлагер» хоккей клубында азын-аулақ өзгерістер бар. Команда сапына 6 шабуылшы, 2 қорғаушы және қақпашы қосылыпты. Олардың қазір әуселесін бапкерлер байқауда. Жаңа ойыншылардың бірі – Сергей Остовкий. Ол өзіміздің тәрбиеленушіміз.

Сергей Остовский – “Құлагер” ХК қақпашы:

– Мен осыған дейін бір жылдай Құлагер командасы сапында жастар хоккей лигасында өнер көрсеттім. Енді, міне жоғарғы лигада ойнайтын боламын. Ол үшін біраз жаттығу жасадым. Төккен тер өз нәтижесін берді.

Былтыр петропавлдық құрама Қазақстанның шайбалы хоккейден ашық чемпионаттында 55 ойын өткізген болатын. Доданың тартысқа тола болғаны соншалық, біріншіліктің ортасында спортшылардың көбі түрлі жарақат алды. Дегенмен, жерлестеріміз маусымның соңына дейін намысты қолдан берген жоқ. Нәтижесінде қола жүлдені қанжығаға байлады. Енді, құлагерліктер тамыз айының 18-і мен 24-і аралығында сарапқа салынатын ел кубогында бақ сынайды. Бәсеке Алматы қаласында ұйымдастырылмақ.

Виталий Диденко – “Құлагер” ХК жалпы физикалық дайындықтар бойынша жаттықтырушысы:

– Жаттығулар жоспардағыдай өтіп жатыр. Спортшыларымыз алдағы жарыстарда ешқандай жарақат алмайды деп сенемін. Ол үшін тынымсыз еңбек етудеміз. Нәтижесі де ойдағыдай болады деген ойдамын.

Айта кетейік, шайбалы хоккейден ашық чемпионат тамызда басталады. Жергілікті Құлагер командасы келесі айдың 1-і мен 2-сі күндері рудныйлық “Горнякпен” кездеседі. Қос матч та қаламыздағы Спорт сарайында өтпек.

Маржан Қасымбек