Денсаулық сақтау

Дәрігерлердің айлығы өсті

Маусымның бірінен бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 процентке дейін артқаны баршаға аян. Бұл оң өзгерісті мұғалімдер, хатшылар, әлеуметтік жұмысшылар, еден жуушылардан өзге медицина өкілдері де сезініп үлгерді. Табыстың өсуі өңіріміздегі дәрігер тапшылығы сынды өзекті мәселені шешуге көмектесуі тиіс. Аймаққа ақ халаттыларды тарту, мамандарды көбейту мақсатында бұдан өзге де бірқатар шара қолға алынған.

Анализ нәтижелерін сараптау, нақты диагноз қою. Терапевт Самира Нұркеева қазір кезекті пациентін қабылдап жатыр. Маусым айында ақхалаттының айлығы біршама өсті. Бұған ол дән риза.

Самира Нұркеева – №2 қалалық емхананың терапевт-эндокринологы:

– Меніңше, бұл – өте дұрыс шешім. Себебі, жоғары еңбекақы бізге мотивация береді. Жұмысымыз ауыр, үлкен жауапкершілікті талап ететіні мәлім. Жаңа жалақымды алып үлгердім. Сома қуантпай қоймады.

Бұрын солтүстікқазақстандық дәрігер орташа есеппен 114 мың теңге алатын болса, енді айлық 142 мыңды құрайды. “Жалақы өсімі ақхалаттылардың материалдық жағдайын жақсартып қана қоймай, тағы бір маңызды мәселе – маман жетіспеушілігін шешеді”- дейді Самира Нұркеева. Өйткені, ол түске дейін учаскелік терапевт, ал түстен кейін эндокринолог ретінде қабылдау жүргізеді екен. Бұған себеп – дәрігер тапшылығы.

Самира Нұркеева – №2 қалалық емхананың терапевт-эндокринологы:

– Менің учаскемде 1800 адам бар. Күнделікті 5 сағат қабылдау жүргіземін. Кейін шақыртулар бойынша жұмыс істеймін. Емханаларда бір емес, бірнеше аумақтағы тұрғындарға қызмет көрсететін дәрігерлер баршылық. Эндокринологтар да тапшы. Сол себепті, тиісті 3 сағаттық қабылдаудың орнына, қосымша тағы 1-1,5 сағат жұмыс істеймін. Сондықтан жас мамандар бізге ауадай қажет.

Яғни, кадрлық дефицитті жою аурухана мен емханалардағы ұзын-сонар кезекті қысқартып қана қоймай, дәрігерлерге артылатын жүктемені де әжептәуір азайтуы тиіс. Терапевт, эндокринолог, анастезиолог-реаниматолог, онколог, хирург, аллерголог пен пульмонолог. Осы және тағы да біршама тар бейінді мамандардың саны өңірде саусақпен санарлық, кейбірі тіпті жоқ.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінгі таңда біздің облысымызда 271 дәрігердің жетіспеушілігі байқалады. Осы таңда Министрліктің шешімімен бүкіл медициналық оқу ұйымдарын бітіріп жатқан студенттер 3 жыл бойы өңірлерде жұмыс істеуге міндеттеледі. Осы жылы біздің облысымызға 169 дәрігер келеді. Оның ішінде 87 дәрігер ауылдық жерде жұмыс істейтін болады. Әкімдік тарапынан оларға 1,5 млн теңге көтермеақы берілед.

Бірақ жалақыны көтеру, көтермеақы беру мәселені түпкілікті шешпейді. Ақхалаттыларды өңірде ұстап қалу үшін басқа да жағдайлар жасалу қажет. Сондықтан, теріскейге келген әр маманды қызметтік баспанамен қамту мықтап қолға алынған. Одан өзге, әр жас дәрігердің жеңілдетілген шарттар бойынша несие рәсімдеу мүмкіндігі де бар. Ол ол ма, биыл СҚО әкімдігі 78 ақхалаттыны еліміздің үздік ЖОО-да резидентурада оқыту үшін қаражат бөлген. Тар шеңберлі мамандық алған соң, олар өңірге қайтып келіп, қызмет етуі тиіс болады.

Саят Ермек