Спорт

Велошабандоздар жеңіспен оралды

Солтүстікқазақстандық шабандоздар жеңіспен оралды! Шілденің 3-і мен 10-ы күндері аралығында Көкшетау қаласында велоспорттан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Ел біріншілігіне 230-ға жуық өрен қатысыпты. Командалық жарыста теріскейлік ұлдар намысқа тырысып, 1-ші орын иеленіп қайтты.

Республикалық чемпионатта теріскейдің намысын 5 адам қорғапты. Жасөспірімдердің әрбірі командалық және жекелей жарыста сынға түскен. Соңғысында жүлделі орынға тек екі велошабандоз қол жеткізді. Қола медальді еншілегендердің бірі – Никита Коняев. Велоспортпен 5 жылдан бері айналысып келеді. Ол осыған дейін де бірқатар жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіпті.

Никита Коняев, велоспорттан спорт шеберіне үміткер:

– Сайыс өте тартысты өтті. Қарсыластар жақсы дайындалып келіпті. Біз де тыңғылықты әзірленіп бардық. Жекелей жарыс – 20 шақырымды құрады. Қиын болғанымен, барымды салдым. Белгіленген межені 3-ші болып бағындырдым.

Ал, командалық жарыстағы арақашықтық – 40 шақырымды құраған. Оңай емес дейді спортшылар. Дегенмен, дода алдындағы қызу дайындық өз нәтижесін берген. Теріскейліктер 13 құраманың арасынан оза шауып, мәре сызығын бірінші болып кесіпті.

Виктор Потапов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Спортшыларымызбен аптасына 5 рет жаттығамыз. Әсіресе, жарыс алдында жаттығуларды күшейтеміз. Бүгінде өңірдің велошабандоздары республикалық қана емес, халықаралық додаларда да үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Жасөспірімдерге зор үміт артып отырмыз. Әлі талай шыңдарды бағындырады деген ойдамыз.

Жарыстан енді ғана оралса да, демалысқа уақыт жоқ. Алда талай дода күтіп тұр. Сондықтан, дайындықты жалғастыру қажет. Қазір Спорт сарайында жастар мен жасөспірімдер құрамасы жаттығуда. Алдымен велошабандоздар қос дөңгелікті көліктерін тексерістен өткізеді. Кейін сапқа тұрып, 70 шақырымды бағындыруға әзірленеді. Арақашықтық үлкен болып көрінгенімен, бұл – спортшылардың күнделікті еңсеретін жолы.

Сергей Ишимов, велоспорттан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Қазіргі күні спортшылар жасөспірімдер арасындағы республика чемпионатына дайындық үстінде. Жарыс тамыздың 3 мен 5 күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Оған 4 велошабандозды іріктеп аламыз. Сондай-ақ, 5 адам Өскеменде өтетін оқушылар жарысына жол тартады.

Додаларда үздік нәтиже көрсете білген спортшылар тамыз айында Ресейдің Ростов қаласында өтетін халықаралық жарыста ел намысын қорғайтын болады.