МТРА жаңалықтары

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы

Инвестиция көлемі – 15, тұрғын үйді қолданысқа беру – 12, ал өнеркәсіп – 3 жарым пайызға өскен. Солтүстік Қазақстан облысының статистик мамандары үстіміздегі жылдың алғашқы 6 айын қорытындылады. Өңірде жарты жыл ішінде азық-түлік қымбаттаған. Ал коммуналдық төлемдердің тарифтері, керісінше арзандапты.

2019-дың 6 айы артта. Солтүстік Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарқынды дамуын жалғастыруда. Мәселен, өңірдегі өндірістік кәсіпорындар жарты жылдың ішінде 110,8 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. Бұл республика бойынша 7-ші орын. Ауыл шаруашылығында да оң динамика байқалады. Қаңтар мен маусым айлары аралығында мал және құс саны артқан. Сүт, ет пен жұмыртқа өндірісі де сәл ілгерілепті. Құрылыс та жоспарға сай жүріп жатыр.

Марал Нұржауыпова – СҚО статистика департаментінің басшысы:

– Жыл басталғалы бері өңірдегі құрылыс жұмыстарына 25,8 млрд теңге жұмсалды. Оның шамамен 10 жарым млрд теңгесі тұрғын үй құрылысына бөлінді. Осылайша 6 ай ішінде облыс бойынша жалпы ауданы 67 мың шаршы метрді құрайтын баспана қолданысқа берілді. Өсім 12 жарым процентті құрайды.

Ал енді көпшілікті толғандыратын статистика. Жыл басталғалы Солтүстік Қазақстандағы инфляция 2,6 пайызды құрады. Азық-түлік шамамен 5 пайызға қымбаттаған. Кейбір көкөніс түрлерінің де бағасы өсті. Мәселен, пияздың құны бақандай – 70,7, сәбіз – 39,6, сарымсақ – 20,4, қызылша – 10,2, қырыққабат – 5,1, картоп – 17,5 пайызға артқан.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Алайда, қияр – 42,4, қызанақ – 21,4, ал тәтті бұрыш – 3,4 пайызға арзандады. Жас жемістер 3,4 пайызға қымбаттады, олардың ішінде: банан – 22,5, жүзім – 14, алмұрт – 8,2 пайызға. Сонымен қатар, апельсин 8,9 , ал алма 6 процентке арзандады.

Саят Ермек – тілші:

– Ал ұн болса соңғы жартыжылда – 20,7 пайызға, күріш шамамен – 9, макарон өнімдері болса – 3 процентке қымбаттаған. Сүт өнімдерінің бағасы – 5,3, еттікі – 3,5 пайызға өскен. Ал қанттың құны – 1,5 процентке жоғарлапты. Жұмыртқа болса керісінше – 3,6 пайызға арзандаған.

– Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметтерінің тарифтерінде де төмендеу байқалады. Мәселен, соңғы 6 айдың ішінде суық су – 9,2, электр энергиясы – 6,8, қоқыс шығару – 5,2, кәріз жүйесі – 3,7, ал газбен қамту – 1,6 пайызға арзандаған.

Ал 1-ші жартыжылдықта өңірдің негізгі капиталына шамамен 88 млрд теңгенің инвестициясы құйылды. Бөлшек сауда көлемі 3,2 пайызға артқан. Ең төменгі күнкөріс деңгейі маусымда 28046 теңгені құрады. Мамырмен салыстырғанда бұл 7 пайызға артық. Ал демаграфиялық ахуал қандай? Қаңтар мен маусым айлары аралығында өңірге 2800-ден астам адам көшіп келген екен. 2,5 мыңы еліміздің өзге өңірлерінен, 230-і ТМД елдерінен, ал 30 тұрғын АҚШ және Германиядан қоныс аударыпты.

Саят Ермек