ТЖ

Соңғы бір аптада екі солтүстікқазақстандық суға кетті

Жаға ұстатарлық жағдай! Жыл басынан бері 11 солтүстікқазақстандық суға кеткен. Қаза тапқан жандардың басым бөлігі рұқсат етілмеген жерлерде масаң күйде шомылған екен. Қайғылы жайттардың санын азайту мақсатында құтқаруышлар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Саят Ермек – тілші:

– Жайдары жаз жетті теріскейге. Бірнеше күн болды, өңір аумағында мынадай 30 градустық аптап ыстық тұр. Мұндай күн райын көптен күткен жерлестеріміз жаппай жағажайларға ағылуда. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, ерке Есілдің жағасындағы халықтың қарасы қалың. Алайда, тынығудың мұндай түрі әсте қайғылы аяқталуы әбден мүмкін. Бірақ қауіпті, төніп тұрған, көбі ескере бермейді.

Бұл қалалық жағжай. Алып матрасқа мініп алған мына бір топ жасөспірім өзеннің арғы бетіне қарай жүзе жөнелді. Құтқарушылар оларды уақытылы тоқтатпағанда, қайғылы жағдай орын алар ма еді, кім білсін?! “Көбіне, жазатайым жәйттердің себепшісі – тұрғындардың жауапсыздығы дейді”- мамандар.

Кирилл Иванников – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Көпшілігі ішімдік ішіп алып, суға түседі. Құтқару пункттері жоқ, рұқсат етілмеген жерлерде шомылады. Кейбір жандар ұл-қыздарды қараусыз қалдырады. Осының салдарынан соңғы 5 жылдың ішінде 168 солтүстікқазақстандық суға кеткен. Олардың 22-сі балалар.

Ал соңғы аптада су екі жерлесіміздің өмірін жалмады. Алғашқы оқиға Қызылжар, ал келесісі М.Жұмабаев ауданында орын алған. Жазым болған қос нәзікжандының екеуі де рұқсат етілмеген жерде шомылған, екеуі де ішкілікті күйде болған. Ал жыл басталғалы өңірде 11 адам өзен-көлдерге батқан екен. Олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Қаза болғандардың саны былтырғыға қарағанда әлдеқайда көп, статистика көңіл көншітпейді. Көз жұмғандардың 100 пайызы белгіленбеген аумақта шомылған. Ал белгіленген орындардың саны облыс бойынша 58. Мұнда құтқарушылардың арнайы жасақтары жұмыс істейді. Шомылу маусымы басталғалы олар 12 адамды ажал аузынан аман алып қалыпты, 7-уі – бала.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің жетекшісі:

– Шілденің 12-сі күні 7 жасар бала құтқарылды. Ол Есіл жағасында ата-анасымен болған. Алайда, үлкендер жағы көңіл көтеріп, балғынды қараусыз қалдырыпты. Осы сәтте ойнап жүрген ұлдың добы өзенге түседі. Оны бала тоқтатпақшы болады. Дегенмен ол қолынан келмей, суға бата бастайды. Құтқарушылар дер кезінде көмек көрсете білді.

Есіл, Пестрое, Үлкен Торанғұл, Шалқар және Имантау – бұл облыстағы ең ірі өзен-көлдер. Мұнда тынығушылар аса көп, сондықтан олар құтқарушылардың жіті бақылауында. Сондай-ақ, мамандар күн сайын рейдтерге шығады, рұқсат етілмеген орындарда шомылып жүргендерді іздейді. Тапса 7 АЕК көлемінде айыппұл салады. Алайда, бұдан да қайыр шамалы. Сондықтан, ТЖД мамандары судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстап, тек рұқсат етілген жерлерде шомылу қажеттігін тағы бір қайтара ескертеді.

Саят Ермек