Қоғам

Шаһардағы ерекше аула

Бетке ұстар аула. Петропавлдағы Чайковский көшесінің бойында орналасқан 21-ші үйдің алды – нағыз бақ. Ол жердегі тұрғындар бел жазбай еңбек етіп, гүлдер мен ағаштардың бірнеше түрін өсіреді. Ал азаматтардың бірі қолда бар заттардан шағын архитектуралық формаларды жасайды.

Мына әдеміліктің бәрі – зейнеткер Александр Часовтың туындылары. Азамат құрмет демалысын төрт қабырғада өткізуден аулақ. Ол өзі тұратын үйдің ауласын абаттандыруды қолға алған.

Александр Часов – Чайковский көшесі, 21 үй тұрғыны:

– Кей дүниелерді интернеттен қарап жасадым. Көбіне, өз фантазияма сүйенемін. Өз қолыммен әдемі заттар жасағаннан ләззат аламын. Уақытым да қызықты өтеді, аула да әдемі болады, көршілерім де дән риза.

Шиналардан жасалған аю, итке арналған шағын үйшік сынды дүниелер мұнда көп және бәрі көрген көзді қуантады. Ал биылғы жазда осы маңда екі шағын құдық және жел диірмені пайда болған. Чайковский көшесіндегі 21-ші үйдің ауласы жергілікті тұрғындар арасында танымал. Әсіресе, бұл жер кешкітұрым балақайлардан босамайды екен.

Александр Часов – Чайковский көшесі, 21 үй тұрғыны:

– Көрші аулалардан да балалар кеп, асыр салады. Өткен-кеткен адамдар суретке түсіп жатады. Таңертең жұмысқа әдейі осы жермен баратындар да көп. Оларды балконнан жиі көремін. Қысқасы, туындыларыма қарап, жұрттың көңілі көтеріледі, ал маған жасау қиын емес.

Мұның бәрі қолда бар материалдардан жасалған, ал жетпегенін Александр Часов базардан алады екен. Мына ағаш шелек – көршінің сыйлығы. Көп кешікпей ол ерекше клумбаға айналады. Керегі тек ұшқыр қиял мен шебер қол. Айта кетері, аула гүлдің түр-түрімен көмкерілген. Подъездердің арасын бақ па дерсің! Жасыл желек те молынан. Бұл, енді, үйдің басқа тұрғындарының арқасы. Зинаида Дренгаль – 90 жаста. Күнде таңертең қолына шәйнегін алып ол өзінің шағын бақшасын суарады. Қайың, шетен ағаштары, бәйшешек, құлқайыр – мұнда не өспейді десеңші.

Зинаида Дренгаль – Чайковский көшесі, 21 үй тұрғыны:

– Қамалып жатқым келмейді. Отыра берсем, сүйектерім сырқырайды. Сондықтан, бақшада жұмыс істегенді жөн көремін. Гүлдерді өзім отырғызамын, арам шөптерді де жұламын, құмырсқадан заласыздандырамын. Жасыл желек көп болса, таныстау да жеңіл.

Ерекше аула – тұрғындардың еңбекқорлығы мен ауызбіршілігінің жемісі. Бұл күйбең тірлікті ұмытып, таза ауамен тыныстап, нағыз дем алатын орын. Алайда, темір тұлпарларын дәл подъезд алдына қоятын көлік иелері бұған кедергі болып тұр. Азаматтардың шлакбаум орнатып берсе деген тілегін кооператив төрағасы назарсыз қалдырып отыр екен. Ал, тұрғындар болашақта туындылардың санын арттырып, ауланы кеңейткісі келеді.

Саят Ермек