Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шаһар басшысы белсенді азаматтарды марапаттады

Шаһар дамуына бей-жай қарамайтын азаматтар барда Петропавл көркейе береді. Қала басшысы белсенді тұрғындармен өткізген кездесуде осылай деді. Жиында Болат Жұмабеков қоғам өкілдеріне келесі жылға арналған жоспарды таныстырып, атқарылатын шаруаны сөз етті. 2020-да цирфландыру шаралары мықтап қолға алынбақ.

Жеке кәсіпкер, құтқарушы, тәртіп сақшысы, автобус жүргізушісі және қасқалаушы. Түрлі мамандық өкілдерінің басын қосып, біріктіретін бір дүние бар – ол туған шаһарына деген махаббат. Облыстық кітапхана залына жиылған әрбір азамат Петропавлдың өсіп-өркендеп, гүлденуін және тыныштығын бірінші кезекке қояды. Белсенді тұрғындардың адал еңбегі елеусіз қалмады. Олардың барлығы қала әкімі Болат Жұмабековтың алғыс хатымен марапатталды.

Темірлан Ахметов кез келген мезетте адам өмірін құтқаруға даяр тұрады. Өмірлік миссиям осы дейді жас азамат. Сондықтан да, игі мамандық иесі атануды шешкен екен. Өрт сөндіруші күнделікті қызыл жалынмен арпалысады. Ең ауыр жұмыс күндерінің бірі – шілденің басында болыпты.

Темірлан Ахметов – СҚО ТЖД №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі:

– Шілденің 2-сі Уәлиханов көшесі бойындағы көпқабатты үйде өрт оқиғасы орын алды. Қызыл жалын 4-ші қабаттан шықты. Біз тұрғындарды эвакуациялап, тез арада таза ауаға шығардық.

Тағы шара барысында қаланың үздік пәтер иелері кооперативтерінің арасында өткен байқау қорытындысы жарияланды. Ауланы таза ұстап қана қоймай, абаттандырып, әкімдікпен орнатылған балалар алаңқайына ұқыпты қарайтындар марапатталды. Оларға көгал шапқыш, бұтақ кескіш сынды шаруаға қажетті құрылғылар сыйға тартылды.

“Шаһар дамуына бей-жай қарамайтын азаматтар барда Петропавл көркейе береді”- дейді Болат Жұмабеков. Қала басшысы жиылған қоғам өкілдеріне келесі жылға арналған жоспарды таныстырды. 2020-да «I-көмек» атты автоматтандырылған жүйе енгізілмек. Тың жобаның пайдасы зор. Оның көмегімен әрбір ықшам ауданда орын алған проблемалар аз уақытта жергілікті билікке жетпек. Яғни, шешілуі де тездетілмек. Ал, мәселелер шаһарда аз емес.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Мен бір аптадан бер шаһар автобустарына мініп жүрмін. Осылайша жүргізушілердің жұмысын бақылап, тұрғындармен тілдесемін. Қоғамдық көліктердің жағдайын көремін. Көбі – ескі, іші – лас. 9-шы бағытпен жүріп едім, үлгі болатын автобус екен. Тап-таза, қалалықтардың да көңілі толады. Петропавлдықтармен мұндай кездесулерді жалғастырамын.

“Тұрғындардың күнделікті бетпе-бет кездесетін проблемаларын шешу – бірінші кезекке қойылады”- деді шаһар басшысы. Бюджеттің тиімді бөлінуі дәл осы мәселелерге байланысты. Биылғы Петропавл қазынасы – 38 млдр теңгені құрайды. 220 мыңдай азаматы бар қала үшін бұл өте қомақты қаржы. Бастысы – қажетті салаларға бағыттау. Бұл ретте шаруаның орындалуын бақылау керек. Мердігерлерге тапсырылған істің нәтижесі кейде көңіл көншітпей жатады. Қазір әкімдік жұмысты сапасыз жасаған 18 компанияға шағымдануда. Ал, отырғызылып, бірақ тамыры тартпаған көшеттердің жыры басқа. Болат Жұмабековтың сөзінше, бірінің жайқалып өсіп, бірінің қурап қалуы – табиғи құбылыс.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Абаттандыру жұмыстарын күзде жалғастырамыз. Шаруаны атқаратын компания да, қаражат та бар.

Сондықтан, тұрғындарға Петропавл «жасыл қала» мәртебесінен айырылып қалады деп уайымдамауға болады. Абаттандыру жұмыстары көшелерде де, саябақтарда да жүргізіледі.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Паркті жаңғырту жұмыстары жалғасады. Жоспарға сәйкес шаруаның басым бөлігі келесі жылы атқарылмақ.

Пестрое көлі маңындағы «Солтүстік жұлдызы» саябағын біршама өзгеріс күтіп тұр. Тренажерлар орнатылған маңайдың жері көтеріліп, 4-5 жылға жететін сапалы құм төсеу жоспарланып отыр.

Эльмира Садвокасова