Қоғам

Бояулар фестивалі өтті

Көңілді ән мен би, тартысты ойындар, керемет эмоция! Кеше Пестрое көлінің жағалауында дәстүрлі бояулар фестивалі өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған шараға жүздеген адам қатысты. Олар бір-бірінің үстіне бояу шашып, концерт тамашалап уақыт өткізді.

Бұл маңда волейбол ойыны өтіп жатыр. Ортада жергілікті жастар мен Бурабайдан келген әуесқойлар сынға түсуде. Жеңіске жеткен ұжым финалға шығады. Біздің жігіттер намысты қолдан бермеді. Олар қонақтарды ұтып, ақтық матчқа жолдама алды.

Рүстем Сайлауов, «Есіл» құрамасының ойыншысы, Петропавл қаласы:

– 3 кездесу өткіздік, үшеуінде де жеңіске жеттік. Қазір финалдамыз. Ойын қиын болып жатыр, әсіресе соңғы кездесу. Бурабайдан келген командамен қиын болды. 2:1 есебімен әзер ұттық. Жақсы ойнайды екен.

Жалпы, волейбол сайысына 30 команда қатысты. Оның 16-сы – қыздар, ал қалған 14-і жігіттерден құралған құрамалар. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және ақшалай силықтармен марапатталды.

Ал мына жақта көпшілікке жақсы таныс “Бояулар фестивалі” өтіп жатыр. Жиналған жұртшылықта есеп жоқ. Олар екпінді музыкаға ілесе билеп, көңіл көтеруде. Кейбірі, түрлі-түсті ұнтақтарды шашып, шараның сәнін келтірді. Көп кешікпей қызықты лотерея мен ойындар ұйымдастырылды. Онда жолы болған жандар қомақты қаражат, құнды дүниелер мен әртүрлі сертификаттарды қанжығаларына байлады.

Гор Мартиросян, “Бояулар фестивалін ұйымдастырушы”:

–  Жыл сайын біз “Солтүстік жұлдызы” саябағында бояулар фестивалін өткіземіз. Бұл дәстүрге айналған шара. Мұнда келушілерді қуантып, жақсы әсер қалдыру үшін барымызды саламыз. Лотереяда асығы алшысынан түскен жандарға құнды заттар табыстаймыз. Басты сыйлық – электрсамокат.

Жеңімпаздар анықталды. Сыйлықтар таратылды. Осылайша 5 сағатқа созылған Пестрое көлі жағалауындағы шара аяқталды. Жерлестерімізге бояулар фестивалі ұнапты. Әсіресе, алғаш қатысып тұрған жандардың көңілінен шыққан.

–  Мен осында бірінші рет қатысып тұрмын. Мында позитивті эмоция алып жатырмыз.

– Барлығы керемет. Түрлі-түстер көздің жауын алады.

– Бірінші жыл қатысып тұрмын. Барлығы ұнап жатыр. Көңіл-күй жақсы. 

Ақтолқын Солтанхан