Спорт

Петропавлда спорттық ойындар ұйымдастырылды

Бүгін Петропавлда қала күнін тойлау аясында спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жерлестеріміз стритбол, шахмат, дойбы және асық ату мен тоғызқұмалақтан сынға түсті.

Спорттық шара тхэквондодан облыстық федерация тәрбиеленушілерінің көрсетілімінен басталды. Жас өрендер мүмкіндіктерін көпшілік алдында паш етті.

Кейін стритболдан, яғни көше баскетболынан жарыс ұйымдастырылды. Оған мектеп оқушыларынан құралған 12 команда қатысты. Әр команда 3 адамнан тұрды. Бір ойынның уақыты 10 минутты құрайды.

Артур Молодовский, жарысқа қатысушы:

– Мен қалалық «Барс» спорт мектебінің тәрбиеленушісімін. Баскетболмен айналысқаныма 3-4 жыл болды. Осы уақыт аралығында көптеген жарыстарға қатысып үлгердім. Бүгінгі ойын тартысты өтіп жатыр. Командамызбен жеңіске жетеміз деген ойдамын.

Шара барысында тұрғындар шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы мен асық ойындарына қатысты.

Ақжан Сұрағанов, СҚО бойынша асық ату федерациясының президенті: 

– 5 метрлік диаметрде шеңбер сызылып, ортасына 13 асық тізіледі. Оған екі команда қатысады. Кейін, асық иіру тәсілімен кім бірінші ататынын шешіп алады. Сосын сақа асығымен дәлдеп тигізе бастайды. Он үш асықтың жетеуін алған команда жеңіске жетеді.

Жарыс соңында жеңімпаздар грамота, медальдармен марапатталды.

Бердімұрат Баймұқан