Құқық қорғау органдары

Кәмелетке толмағандар заң аясында жұмыс істеуі тиіс

Кәмелетке толмаған балалар заң аясында еңбек етулері тиіс. Яғни, арнайы жасалған келісім-шарт бойынша ғана қызметке тұруы қажет. Ол құжат – жұмыс беруші, ата-ана және мектеп оқушысы арасында бекітіледі. Алайда, өңірімізде бұл ережені ескермейтіндер бар. Ондай жандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жаз – демалатын мезгіл. Табиғат аясында серуендейтін, өзге елге, қалаға саяхаттайтын уақыт. Алайда, кейбір жандар осы кезеңде тыныққанша жұмыс істеп, ақша табуды жөн санайды. Әсіресе, мектеп оқушылары еңбек етіп, тиын-тебен тапқысы келетіні жасырын емес.

Байболат Бектемірұлы – тілші: 

– Бәріміз де оқушы болдық. Мектеп кезінде ауылда түрлі жұмыс істеп, ақша алатынбыз. Мысалы, мен өзім жеміс-жидек теріп, оны сатып, келесі оқу жылына дайындалатынмын. Ал демалыста қалаға шыққанда достарым, туған-туыстарыммен бірге мынандай жадынама қағаздар тарататын едік.

Қаламыздағы 44-ші мектептің оқушысы Денис Задорожный да осылай жасағысы келеді. Яғни, жарнамалық қағаз, газет-журнал таратып ақша табуға ниетті. Жиған қаражатқа PlayStation сатып аламын дейді.

Денис Задорожный:

– Мен 11 жасымнан бері PlayStation сатып алғым келіп жүр. Жаңасы қымбат тұрады. Ал ұсталғандары шамамен 30 мың теңгені құрайды. Міне, соған ақша жинасам деймін.

Ал Иван Бондаренко – 12 жаста. Ол да іспен айналысуды ойлайды. Бірақ, оның жасына сай келетін жұмыс жоқ екен. Сондықтан, қалалық саябақта велосипед теуіп жүр.

Иван Бондаренко:

– Мен интернеттен жұмыс іздедім. Бірақ, таппадым. Барлық жерде 13-14 жастан бастап жұмысқа аламыз деп жазылып тұр. Өзім жазда еңбек еткім келеді. Ақша тауып, анама көмектессем деймін.

Осы орайда облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мамандарының сөзіне құлақ түрейік. Олар заң бойынша мектеп шәкірттері арнайы құжат арқылы ғана жұмыс істей алады дейді. Яғни, қызмет беруші, ата-ана және оқушы арасында жасалған келісім-шарт аясында қызмет етуге болады.

Аслан Исин – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторы:

– Еңбек кодексінде жұмысқа 16 жастан қабылдау көрсетілген. Бірақ, келісім-шарт бойынша орта білімі бар 15-тегі тұлғалар да қызметке тұра алады. Тағы, 14 және одан төмен жастағы ұл-қыздар да іспен айналысады. Олар оқудан тыс уақытта шығармашылық салада еңбек ете алады. Бастысы, жұмыс балалардың денсаулығына зиян келтірмеуі және ой-сананы уламауы тиіс.

Тағы, жұмыс уақыты да қатаң сақталуы тиіс. Мысалы, 16 мен 18 жас аралығындағылар 1 аптаның ішінде 36 сағаттан артық еңбек етпеуі қажет. Ал, 14 пен 16-ның шамасындағы ұл-қыздар 24 сағат қана жұмыс істеулері тиіс. Осы және өзге де ережелер ескерілмесе заң бұзған қызмет ұсынушы тарап жауапкершілікке тартылады.

Аслан Исин – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторы:

– Жұмыс беруші кәмелет жасына толмаған баланы келісім-шартсыз жұмысқа алса немесе құжатта жазылған ережелерді сақтамаса әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, заң бұзған лауазымды тұлғаға – 50, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйым басшыларына – 80, орта кәсіпкерлік субъектісіне 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал ірі кәсіпкерлік өкіліне 500 мың теңгенің үстінде айыппұл рәсімделеді.

Өңірімізде кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты фактілер соңғы жылдары орын алған. 2016 жылдан бері 5 заңбұзушылық тіркеліпті. Нәтижесінде 4 азаматқа 678 мың теңгеден астам айппұл салынған екен.

Байболат Бектемірұлы