Аптадағы маңызды жаңалықтар

2262 студентке жатақханадан орын қажет

Жергілікті 2262 студент үшін жатақханада орын тапшы. Жалпы, бұл мәселені шешуді Елбасы Н.Назарбаев тапсырған болатын. Қазір колледждер мен университет басшылығы арнайы нысандарды тұрғызуды қолға алмақ. Алайда, инвесторларды іздеу шарасы қиынға соғуда.

Студенттік шақты әрбір мектеп оқушысының асыға күтетіні сөзсіз. Болашақ мамандық бойынша білім алу, жаңа достар мен жатақханадағы өмір. Алайда, соңғысына кез келгені қол жеткізе бермейді. Студенттердің үйіндегі орын өте тапшы. Мәселен, дәл қазір 91 мың ұл-қыз пәтерді жалға алуға немесе туған-туысқандарын паналауға мәжбүр. Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаев өзінің 5 әлеуметтік бастамасының бір бағытын дәл осыған арнаған болатын. Шаруа бастау алды. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде кәсіпкерлер жоғарғы оқу орындары және колледждердің сұранысын біліп, жұмысқа кірісіп жатыр. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде жергілікті университет студенттеріне арналған жатақхананың құрылысы басталмақ. Бірақ, өңірге тағы 5 бірдей нысан қажет.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бірінші проректоры:

– Бір нысанның құрылысына жер учаскесін қарастырып қойдық. Жатақхана 1200 орынға шақталмақ. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Қазір инвесторларды іздестірудеміз. Универсальная көшесінде комбинат орналасқан. Оның нысанында жаңғырту жұмыстарын жүргізсек, студенттерге арналған үйді ашуға мүмкіндік туады. Ғимаратта шамамен 280-300 адамды жайғастыруға болады. Бізге енді жобаларды қолға алатын инвесторлар қажет.

Шаруаны тездеткен жөн. Себебі, жергілікті жоғарғы оқу орнының 1530 студенті үшін жатақханада орын жоқ. Ал талапкерлердің саны жылма-жыл артуда. Мәселен, ел бойынша былтыр 200 мыңдай ұл-қыз университетте білім алуға ниет білдірген. 2030-ға қарай олардың саны 1,5 есе артады деп күтілуде. Яғни, жатақхана ауадай қажет. Құрылысты осы бастан-ақ қолға алса, қиындық туындамайды. Бірақ, қуана-қуана келісіп, білек сыбана кірісіп кеткен кәсіпкерлер аз. Сондықтан, «Қаржы орталығы» АҚ сарапшысы Сымбат Нәбиев теріскейге арнайы келіпті. Ол студенттер үйін салудың тиімділігін сөз етуде.

Сымбат Набиев – «Қаржы орталығы» АҚ сарапшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Кәсіпкерлер нысанды өз қаржыларына тұрғызып, қолданысқа енгізеді. Студенттер жайғастырылған соң, бизнесмен мемлекеттік тапсырыс алады. Ол жатақханада тұратын жан басына есептеледі. Егер нысан жаңадан тұрғызылса, іскер азамат бір студент үшін 122 АЕК көлемінде ақша алады. Ал егер бұрынғы ғимаратта жаңғырту жұмыстарын жүргізсе, онда мемлекеттен әр орынға 118 мың теңгеден төленбек. Бұл бір жыл үшін.

Тағы Сымбат Нәбиев жатақхана салудың, тіпті мейманхана ашудан да тиімді екенін айта кетті. Студенттер үйі әрдайым сұранысқа ие. Ал қонақ үйлердің толымдылығы 26 пайызды құрайды екен. Қысқаша қайырғанда, жатақхана тұрғызудың жақсы тұстарын тізбектей беруге болады. Нысанның бір бөлігінде асхана, шаштараз, тренажерлық зал ашу мүмкіндігі де бар.

Эльмира Садвокасова