МТРА жаңалықтары

Әкімдік отырысында жалақы мәселесі қаралды

95 млн теңге! Өңір бойынша 7 кәсіпорынның басшылығы 500-ге жуық адамға дәл осыншама көлемде жалақы қарыз. Бұл туралы облыстық әкімдіктің отырысында сөз болды. Жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындарды лайықты еңбекақымен қамту мәселесіне баса назар аударды. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың жаңа түрі – қарапайым заттар экономикасына да тоқталды.

Халықтың еңбекақысы – тұрғындардың күнкөріс деңгейіне әсер ететін бірден-бір фактор. Өкінішке қарай, солтүстікқазақстандықтарға төленетін жалақының орташа мөлшері көңіл көншітпейді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 110 мың теңгені құраса, қазір 113 мыңның маңайында. Соңғы бірнеше жыл қатарынан біздің аймақ өзге облыстармен салыстырғанда көш соңынан көрінуде. Орташа жалақы деңгейін салаларға бөліп қарастыратын болсақ, өндірісте жұмыс істейтіндер республикалық көрсеткіштен екі есе төмен айлық алады екен. Алдағы уақытта бұл жағдай дұрысталмақ. Себебі, өлкедегі ірі кәсіпорындарда жаңғырту шаралары жүргізіліп жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір құрылысшыларының орташа жалақысы – 125 мың, республикада – 214 мың. Өндірістің жағдайы түсінікті, бірақ құрылыстағы айлық неге осыншама төмен? Қаражат жобалық-сметалық құжаттама бойынша бекітіледі. Барлық аймақтарда бірдей. Яғни, сіздер ақшаны қалталарыңызға басып отырсыздар. Біз жылма-жыл құрылыс көлемін арттыруға тырысудамыз. Бірақ, нәтижесі жоқ. Себебі, компания басшылары тарапынан ешқандай шаруа атқарылмайды.

Дәл осындай жағдай ауыл шаруашылығы саласында да орын алып отыр. Аграрлы өңір деп ауыз толтырып айтамыз, бірақ сол жұмысшыларды лайықты жалақымен қамти алмаймыз. Қостанай, Ақмола облыстарына қарағанда теріскейдегі гектар шығымдылығы көбірек, яғни пайданы да молырақ табамыз. Дегенмен, еңбекақы осы екі өлкемен бірдей екен.
Бұл ретте аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды тілге тиек етті. Оны пайдаланамын дегендер қанша? Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдері үшін салық амнистиясы жарияланған болатын.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің өңірге салық амнистиясына қатысты 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Рақымшылыққа осы уақытқа дейін 733 заңды тұлға ілігіп отыр. Оларға жалпы сомасы 105 млн болатын өсімпұл кешірілді. Бизнес өкілдерін тексеру шаралары да 30 пайызға азайды. Биыл оны тағы 10 процентке төмендетпекпіз. Қолайлы жұмыс істеулеріңіз үшін жағдай жасалуда. Бірақ, өздеріңіздің қара бастарыңызды ғана емес, еңбеккерлердің де қамын ойлау қажет.

Өңір басшысы жұмысшыларына немқұрайлы қарайтын басшылар туралы ақпарат беріп отыруда тапсырды. Әсіресе, жалақыны шотқа емес, қолма-қол беретіндерді анықтау қажеттігін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 100 ірі кәсіпорынның тапқан табысының 80 пайызы жаңа нысандар мен қондырғыларды алуға жұмсалады. Қағаз жүзінде осылай. Бірақ, негізінде айтарлықтай өзгерістер жоқ. Әйтпесе, нәтижесін көрер едік қой. Сонда ақша қайда жұмсалуда?! Айлықты өсіруді қолға алып, шаруаны қадағалайтын ведомствоаралық комиссия құру қажет. Ол әрбір аудан мен қалада жұмыс істейтін болсын.

Еңбекақы деңгейін өсіру – қазір басты назарда. Алайда, бірқатар жұмысшылар бірнеше ай бойы маңдай терімен тапқан ақшасына да қол жеткізе алмай отыр. Өңір бойынша бүгінде 7 кәсіпорынның басшылығы 500-ге жуық адамға 95 млн теңге қарыз.

18 план Қайрат Пішенбаев – СҚО мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– Петропавл қаласында екі кәсіпорын қызметкерлеріне 57,6 млн теңге берешек. Тағы Айыртау, Қызылжар, Тайынша мен Тимирязев аудандарының жұмыс берушілері де еңбеккерлеріне қарыз. Бұл тек жалақы бойынша. Зейнетақыға келер болсақ, 2662 тұлғаның шотына тиісті қаражат аударылмаған. Қарыз 467 млн-ды құрайды. Оған қоса, 1900 кәсіпорын міндетті әлеуметтік сақтандыруға төлем жасамаған.

Әкімдік отырысында қарастырылған келесі сұрақ – соңғы уақытта жиі сөз болатын қарапайым заттар экономикасы жайлы. Бұл – мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрі. Азық-түлік, киім-кешек, жиһаз бен электрониканы өндірумен айналысамын дегендер үшін ел бойынша несиелендіруге 600 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Механизм былтыр желтоқсан айында іске қосылды. Бірақ, өңірде бар-жоғы 2 жоба қаржыландырылыпты.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Қаржыландырудың жаңа механизмі бойынша аудандар мен Петропавл қаласы әкімдігі 73 жоба ұсынды. Олардың құны 59,5млрд теңгені құрайды. Соның ішінде 35-інің жүзеге асырылуы бақылауымызға алынды. Екінші деңгейлі банктердің қарауына 1 млрд 150 млн теңгенің 3 өтініші берілді.

Ақжар, Тимирязев, Мамлют пен Шал ақын. Бұл аудандарда қозғалыс мүлдем жоқ. Жүзеге асыру түгілі олар идея да ұсынбады дейді кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова. Аудан атқамінерлері болса, жұмыс істеп жатырмыз, банк қарауына жібердік деп ақталды. Алайда, қаржы институттары да әкімдердің берген ақпаратын растай алмады. Тұрғындар жаңа механизмді қолдануда неге белсенді емес? Бұған жергілікті жерде қарапайым заттар экономикасы санатына жататын тауарлардың сатып алынбауы себеп болуы мүмкін.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– 2-ші шілдедегі мәліметке сәйкес, мемлекеттік мекемелер өздерінің жұмыстарына қажетті дүниелерді сатып алуға 840 млн теңге жұмсапты. Оның ішінде жергілікті жерде өндірілген тауарларға тек 22,6 млн теңге бағытталған. Бұл – жалпы соманың 2,7 пайызы. Біздің өңір бойынша өте төмен көрсеткіш.

Бұл ретте Құмар Ақсақалов аудан мен қала әкімдеріне мәселені қадағалауды тапсырды. Мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті тауар үлесін 20 пайызға жеткізу қажет.

Эльмира Сәдуақасова