Балалар

Петропавлдық 40 оқушы елордаға экскурсияға аттанды

Оқу озаттары мен олимпиада жеңімпаздары еліміздің бас қаласына экскурсияға аттанды. Петропавлдық ұл-қыздар бір күн бойы елорданың көрікті жерлеріне саяхат жасайды.

Бәйтерек, Ханшатыр, Ақорда, Астана циркі. Бұлар – Нұр-Сұлтан қаласына көрік беріп, шырайын ашып тұрған зәулім ғимараттардың бірі. Мұндай заманауи нысандардың ішін тамашалап, саяхат жасау мүмкіндігін қаламыздың ең білімді оқушылары иеленген. Дәл қазір олар теміржол вокзалында жолға аттанғалы тұр. Ұл-қыздардың арасында Айғаным Қапдрахманова да бар. Ол еліміздің бас қаласына осымен 3 рет барайын деп жатыр.

Айғаным Қабдрахманова – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының оқушысы:

– Достарымызбен бірге жақсы уақыт өткіземіз деген ойдамын. Нұр-Сұлтан қаласының көптеген жаңа ғимараттарын аралаймыз. Көңіл күйіміз керемет.

Шілденің 6-ы Нұр-Сұлтан қаласына 21 жыл толады. Осыған орай қаламыздың 9 мектебінен жиналған, жалпы 40-қа жуық үздік ұл-қыздар елорданың көрікті жерлеріне саяхат жасайды. Сондай-ақ, экскурсияға оқышылармен бірге ұстаздары да бара жатыр.

Дина Шатохина – қалалық бірінші гимназияның кітапханашысы:

– Қалалық әкімдік пен білім бөлімінің қолдауымен петропавлдық оқушылар осындай жақсы мүмкіндікке ие болды. Экскурсиялық бағдарлама өте ауқымды. Ұл-қыздар елордамыздың ең көрікті жерлерін аралайды.

Айта кетейік, еліміздің бас қаласында ұл-қыздар бір күн болады екен.

 

Ешкенова Дана