Қоғам

Жаңа компьютерлік жүйе тудырған уақытша қолайсыздық

Айдың басынан бері мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысында техникалық ақаулар туындаған еді. Оған себеп болған бірден-бір жайт – жаңа компьютерлік бағдарлама. Жүйе көліктерді тіркеу мен жүргізуші куәлігін алуды жеңілдету үшін арнайы құрылған болатын.

Айыртау ауданының тұрғыны Ержан Тұяқов қалаға сатайын деген көлігінің құжатын рәсімдемекші болып келген. Ұзын-сонар кезектің салдарынан бұл мекеменің ішінде отырғаныма жарты күн болды дейді.

Ержан Тұяқов, Айыртау ауданының тұрғыны:

 – Қалаға сататын көлігімнің құжаттарын реттемекші болып келгенмін. Өз кезегімді күтіп отырғаныма жарты күн болды.

Шілденің 1-інен бастап ішкі істер министрлігі көліктерді рәсімдеу мен жүргізуші куәлігін беруді орталықтан бақылау үшін веб-модуль енгізген болатын. Жаңа компьютерлік бағдарлама мемлекеттік мекеменің жұмысына әсер етпей қоймады. Жүйедегі пайда болған техникалық ақаудың салдарынан ұзын-сонар кезек қалыптасып, келушілердің наразылығын тудырған.

Еркін Жұмабай, «Азаматтарға арналған үкімет» МК” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

 – Шілде айының 1-інен бастап ішкі істер министрлігінің реформаларына сай мемлекеттік қызметтер оның ішінде жүргізуші куәлігін беру, автокөліктерді тіркеу және қайта тіркеу рәсімін жасау электронды түрде жүзеге аса бастады. Осыған байланысты министрліктің ақпараттық жүйелерінде уақытша техникалық ақаулар туды. Бүгінгі таңда мамандар тарапынан аталған мәселелерді жою үшін барлық шаралар қабылданды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының директоры Еркін Жұмабай қолайсыздықтар үшін өңір тұрғындарын түсіністікпен қарауға шақырады.
Бүгінгі таңда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.