Аптадағы маңызды жаңалықтар

Селоны көркейткен серіктестіктер

Селоны көркейткен серіктестіктер! Есіл ауданына қарасты Заградовка елді мекенінде Заградовское және Прометей Агро кәсіпорындары нәтижелі жұмыс істеп отыр. Аталған агроқұрылымдар азғантай аумаққа дән сепсе де мамандарға жоғары жалақы төлейді, ауылда әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызады. Бүгін қос өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Есіл ауданына жасаған жұмыс сапары «Заградовское» серіктестігінен басталды. Кәсіпорын қазір 400 бас ірі қараға шақталған сүт-тауарлық ферма тұрғызып жатыр. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайды. Қаржының басым бөлігін шаруашылық басшысы Иван Фисенко өз қалтасынан шығарыпты. Ал қалғанын Аграрлық несие корпорациясынан рәсімдеген екен.

Иван Фисенко – «Заградовское» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– 2 сиыр қорасы болады. Оларда симментал тұқымды 400 бас мал ұсталмақ. Тағы, сауу залын саламыз. Қондырғылар Ресей мен Израильден әкелінді. Сүт-тауарлық ферманың құрылысын 1-ші қазанға дейін аяқтап, қарашада сүт алуды жоспарлап отырмыз. Ірі қараны Австриядан сатып алмақпыз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл өңірде 3 сүт-тауарлық ферма тұрғызамыз. Ал келесі жылы олардың санын 10-ға жеткізу қажетпіз. Ол біздің қолымыздан келеді. Жұмыс жүргізуге мемлекет тарапынан қолдау мығым. Тек еңбек ету керек.

Заградовка селосында тағы да бір іргелі серіктестік бар. Ол – «Прометей Агро». Аталған кәсіпорын маусым айында шағын зауыт тұрғызыпты. Мұнда 1 тәулік ішінде 100 тонна сұйық минералды тыңайтқыш мен өсімдіктерді қорғау құралдары өндіріледі.

Юрий Шоль – «Прометей Агро» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– “KASS” тыңайтқышын егістік жұмыстары кезінде шаша аламыз. Ол топыраққа оңай сіңіп кетеді. Тағы, өсімдік бой көтерген сәтте де сіңіре аламыз. Мұндай дүние астықтың шығымдылығы мен сапасын жақсартады. Ең бастысы, құны арзан. Яғни, бұрындары біз сұйық өнімді сырттан қымбатқа алатынбыз. Ал мына жерде өзіміз арзанға дайындай аламыз.

Бүгінде елді мекендегі 70-ке жуық үй мен 10-нан аса нысан орталықтандырылған жылу желісіне қосылған. Олар мына биоқазандық арқылы жылытылады. Польшалық пешті “Заградовское» серіктестігі 30 млн теңгеден аса қаржыға сатып алып, орнатыпты. Нәтижесінде шығын қысқарған, алқаптағы сабан далада қалмайтын болған. Енді, теріскейлік шаруалар өз ауылдарына бағасы 2 есе арзан агрегатты орната алады. Жақында Петропавл ауыр машина жасау зауыты осындай қондырғының алғашқысын шығарды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл біз 48 нысанды биоқазандыққа қосамыз. Осының арқасында 150 млн теңге үнемделеді. Мұнымен тоқтап қалмау керек. Алдағы уақытта 500 млн қазынада қалуы тиіс. Қазір көмір қымбат. Оны жеткізуге де біраз ақша жұмсалады. Сондықтан, осындай қазандықтарды орнатқан жөн.

Заградовкада фельдшерлік-акушерлік пункт те жұмыс істейді. Емдеу мекемесіне өңір жетекшісі арнайы ат басын бұрып, мамандардың жұмысымен танысты. Ауылда жаңа үйлердің қатары артуда. Себебі, мұндағы 2 кәсіпорын жылына 10-ға жуық үй салады. Міне, солардың бірі бүгін «Прометей Агро» серіктестігінің есепшісі Гүлнәр Иманбайырова беріліп отыр. Нәзікжандының қуанышында шек жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үй өте жақсы. Сізді қоныс тойыңызбен құттықтаймыз. Баспанаға су тартылған, жылу да қосылған. Біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жұмысшыларға жағдай жасау қажет деп жиі айтамыз. Сонда ғана нәтижеге жетуге болады.

4 бөлмелі үйдің іші жарық, жылы. Аумағы 80 шаршы метрді құрайды. Ауылда қыста коньки тебемін, хоккей ойнаймын десең мархабат. Мұнда жабық үлгідегі корт та бар. Оны «Прометей Агро» серіктестігі 37 млн теңгеге тұрғызыпты, маңайын абаттандырыпты. Кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қараша айында мәдени-ойын-сауық орталығын ашпақ. Ол жерде салтанат залы, қонақ үй, сән салоны мен тағы басқалары болмақ. Селомен танысқан соң, жиналғандар мәденит үйінде бас қосты. Мұнда облыс диқандарының қатысуымен үлкен жиын өтуде. Шарада фермерлердің халықтың әл-ауқатын арттырудағы және әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлі талқыланды. Бұл тақырып бекерден-бекер таңдалған жоқ. Себебі, теріскейде салық пен жалақы төлемейтін, тұрғындардың тұрмысын түземейтін кәсіпкерлер бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Бүгінгі күні өңір қазынасына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 8 млрд теңге салық түседі. Ал кәсіпкерлерге үкіметтен 41 млрд субсидия төленеді. Диқандардың басым көпшілігі мемлекеттен көмек алуға үйреніп қалған. Сөйте тұра жөнді жұмыс істемейді. Азғантай ғана салықтан жалтарады. Төлеп отырған жалақыларыңыз да мардымсыз. Кей жерлерде адамдар 2017-ші жылдағы айлықтан төмен табыс табады. Бұл сұмдық қой.

Міне, осындай жайттар жетіп жатыр. Жедел арада олардың алдын алу керек. Жиын барысында Құмар Ақсақалов мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Қабдөшев пен аудан басшыларына проблемалық шаруашылықтарды тексеріп, айыпты тұлғаларды заңмен жазалауды жүктеді. Тағы, өңір жетекшісі аймақтағы агроқұрылымдарды 3 топқа бөлді. Кәсіпорындардың 6-уы ғана алғашқы категорияға кіреді. Олар өте жақсы жұмыс істейді. 64-і екінші санатқа жатады. Бұлар орташа деңгейде еңбек етуде. Яғни, азда болса да халыққа көңіл бөледі, ауылдарды көркейтеді. Ал 199 серіктестіктің халы мүлде нашар. Облыс әкімі осындай кәсіпорындардың кесірінен елді мекендер жабылып жатыр дейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауылдағы көшелер бос тұр. Биыл да біраз елді мекен жабылады. Мектептер жұмысын тоқтатады. Бұл масқара ғой. Селоларыңыздан адамдар көшіп жатса жүректеріңіз қалай ауырмайды. Мұндай жағдайдың орын алғанына сіздер айыптысыздар.

Шынымен де ауылдардан адамдар көшіп жатыр. Мәселен, соңғы 3 жылдың ішінде Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенко селосынан 330 тұрғын өзге жаққа қоныс аударыпты. Айыртаудағы Светлое мен Дәуқарада да сондай жағдай. Мұндай мысалдар толып жатыр. Жиын соңында Құмар Ақсақалов бізге өздерінің қалтасын ғана ойлайтын кәсіпкерлер керек емес деді. Сонымен қатар, аймақ басшысы аудан әкімдері мен диқандарға биыл өңірімізге келетін дәрігерлерге жағдай жасауды қатаң тапсырды.

Култанов Байболат