Қоғам

Биыл елордаға – 21 жыл

Шілденің 6-ы елордаға 21 жыл толады. Айтулы күні өңірде 500-ге жуық шара ұйымдастырылады. Оған қоса 200-ден астам әртіс өнер көрсетеді.

Теріскейліктер Нұр-Сұлтан қаласына бармай-ақ, оның көшесінде серуен құруға мүкіндік алады. Елордадағы ең алғашқы көше қазақ батыры Амангелді Имановтың атымен аталады. Ел астанасының туылған күніне орай Иманов көшесіндегі 8 үйдің шағын көшірмесі облыс орталығына орнатылмақ. Оның ұзындығы 200 метрдей болады деп жоспарлануда.

Алена Писаренко – “Gera” мерекелік индустрия және отбасылық демалыс орталығының директоры:

– Бұл біз үшін аса ауқымды жоба болмақ. 8 үйдің ішінде барлық жабдығы орналастырылады. Яғни сырттан қарағанда адам тұратын баспанаға ұқсатып жасаймыз. Ал кешқұрым үйдің ішінен жарық жанғанда онда адамдар отырған секілді көлеңке көрінетін болады. Тұрғындарға ұнайды деген сенімдеміз.

Мына үлгілерді дайындау үшін 10 білікті маман күндіз-түні тынбай еңбек етуде. Олар жобаның ұсақ-түйегіне дейін аса мән береді. Бұл жұмысты маусым айының ортасында бастаған екен. Қазірге дейін біраз істің басын қайырып үлгерген. Мәселен, апта басында ағаштарды тізуге кірісіпті. Оған қоса 3 шақырым 700 метрлік плакат жасаған екен.

Максим Пархоменко – бригадир-монтаждаушы:

– Үйлердің ұзындығы – 4, ені 3 метрді құрайтын болады. Олар бір-бірімен тығыз орналастырылады. Нысандардың арасы 10 метрден болады. Оған қоса триумфалды арка да жасап жатырмыз. Оның ұзындығы – 5, ені 7 метрді құрайды.

“Gera” мерекелік индустрия және отбасылық демалыс орталығы істерін өрбіту үшін былтыр «Даму» қорынан 5 млн теңгенің несиесін рәсімдепті. Міне, соның бір бөлігіне аталған жобаны іске асырып жатыр.

Елорда күні қарсаңында өңіріміздің өнерпаздары қызу дайындыққа кіріскен. Олар меркеге орай түрлі концерттік бағдарламаларды әзірлеу үстінде. Той-думанда күміс көмей әншілер де, мың бұралған бишілер де болады. Мерекелік шаралар қаланың басты алаңында ұйымдастырылады.

Қымбат Оспанова – облыстық филармония директорының орынбасары :

– Барлық қала тұрғындарын 6-шілде Нұр-Сұлтан қаласының туылған күнін бірге тойлауға шақырамыз. Одан басқа елімізге танымал әншілер келеді.

Бұл күні концерттік бағдарламаға 200-ден астам өнерпаз қатысады деп жоспарлануда.

 

Маржан Касымбек