Балалар

Жастар арасында пікірталас өтті

Петропавлда белсенді жастар арасында пікірсайыс өтті. Үкімет пен оппозиция болып 8 командаға бөлінген қатысушылар белгілі бір тақырып төңірегінде дәлелдер келтіріп, сөз жарыстырды.

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының мына залында жас сөзшеңдер жиылды. Олар екі кезең бойынша сынға түспек. Алғашында екі команда бір-бірімен пікір алмасады. Талқыланатын тақырып “АҚШ-тың қаржыландыруымен өз аумағында қара нәсілділер үшін жеке мемлекет құрылуы” жайлы. Мұны бір команда даттаса, келесілері жақтайды. Мәселен, НЗМ-нің студенті Арман Магазов бұл мәселе төңірегінде өз қолдауын білдірді. Ол дебаттарға 5-сыныптан бастап қатысып келеді. Бүгін өз ойын дұрыс әрі анық жеткізе алатына сенімді.

Арман Магазов – пікірсайысқа қатысушы:

 – Дебаттарға бала кезімнен қатысамын. Бұған дейін көптеген республикалық, облыстық пікірталас сайыстарында жүлделі орындардан көрінгенмін.

Жалпы, пікірталасқа 8 команда қатысуда. 2 тілде өтіп жатқан сөз жарысы жастардың бойында шешендік қабілетті дамытып, ой-өрісін кеңейтеді дейді ұйымдастырушылар.

Рүстем Арманов – “Ұлттық мұра” пікірсайыс орталығының үйлестірушісі:

– Жалпы бүгінгі дебат орыс және қазақ тілінде өтуде. Бірінші кезеңде қатысушылар топқа бөлінеді. Ал екінші кезеңнің шарты бойынша спикерлер жекеленіп, олардың ораторлық қабілеттері тексеріледі.

Айта кету керек, дебаттық сайыста бұдан бөлек тағы бірнеше тақырып қаузалды. Кейін үздік атанған спикерлер бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 

Ешкенова Дана