Құқық қорғау органдары

Петропавлда автобус бағанаға соғылды

Петропавлда қоғамдық көліктің қатысуымен тағы бір жол-көлік оқиғасы орын алды. Іші адам толы 8-ші бағыттағы автобус тапа-тал түсте жиекте тұрған бағанаға соғылған. Түрлі жарақат алған 9 адам дәрігерлерге жүгініпті

Оқиға кеше күндізгі 12-лер шамасында болған. Ярослав Гашек көшесімен келе жатқан 8-ші бағыттағы шағын автобус жолдың шетіндегі бағанаға барып соғылады. Рөлде отырған жүргізуші өзін жайсыз сезініп, тізгіннен айырылып қалған көрінеді.

Шәмшиден Ақышов – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бастығының орынбасары:

– Маусымның 30-ы қоғамдық автобус жол апатына түскен болатын. Жүргізуші өзін джайсыз сезініп, тізгіннен айырылып бағанаға соғылды.

Сол кезде қоғамдық көліктің ішінде 16 жолаушы отырған. Жасы 60-қа таяп қалған жүргізушімен қоса тағы 8 адам зардап шеккен. 7-уі түрлі жеңіл жарақат алып, дәрігерлерге қаралғаннан кейін үйлеріне жіберіліпті.
Ал екеуінің жағдайы орташа ауыр. Олар қазір 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінде ем алып жатыр.

Вали Бедешев – №3 қалалық аурухананың жарақат аурулар бөлімшесінің дәрігері:

– Кеше күндіз болған жол апатынан ауруханаға 9 адам жеткізілген болатын. Олардың екеуінің түрлі сынықтары бар. Орта жастағы әйелдің кіші жамбас сүйегі сынып, гематомалары бар. Ал ер адамға ертең ота жасалады. Оның аяғында жабық сынық бар.

Айта кетейік, жыл басынан бері теріскейде қоғамдық көліктердің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 4 адам жарақат алған. Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ.

 

Ешкенова Дана