Қоғам

Масаға қарсы дәрілеу жұмыстары жалғасады

Петропавл тұрғындары масадан әбден мезі болды. Теріскейліктер зиянкес жәндіктердің көптігі соншалық көше мен саябақтарда жай жүру мүмкін емес деп шағымдарын айтуда. Осыған байланысты шаһарда масаға қарсы тағы бір дәрілеу шарасы жүргізілмекші.

Маржан Қасымбек:

– Солтүстікқазақстандықтар жаздың жайма-шуақ күндерін асыға күтеді. Бірақ, күн жылынған кезде масалар да көбейіп, адамдардың әбден мазасын алады.

Жаз келісімен-ақ ызыңдаған сары масалар да жиілейді. Расымен де биыл бұл жәндік әдеттегіден әлдеқайда көп. Олардан әбден мезі болған қала тұрғындары көшелерде жүру тұрмақ, саябақтарда демалып, еркін қозғалу мүмкін емес екендігін айтып шағымданды.

– Біз күнде таңертен және кешке қыдырамыз. Масалар шағып, немеремнің мазасын алады. Кейін баланың денесі қызарып, кешке ұйықтаған уақытта мазасызданады.

 – Біз жуырда ғана Петропавлға қонаққа келдік. Күнде таңертен қызымды ойнату үшін саябаққа алып келемін. Масалар тым көп болғандықтан, кешке қыдыруға шыға алмаймыз. Олар қызымды шаққанда терісін қызартып жібереді.

 – Қазір күшігіммен қыдырып жүрмін. Бізді маса талап тастамауы үшін серуенді жүгірумен өткіземіз.

Биыл Петропавлда масаға дәрілеу жұмыстарымен жергілікті “Северный кристалл” компаниясы айналысып жатыр. Мамандар сәуір айынан бастап маусымның соңына дейін облыс орталығының біраз жерін жәндіктерден залалсыздандырыпты.

Әсем Айтолла – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

 – Биыл дәрілеу жұмыстарына қалалық қазынадан 3 млн теңге бөлінген. Қазірге дейін шаһарымыздың 500 гектар аумағы залалсыздандырылды. Олардың ішінде саябақтар, балалардың ойын алаңқайлары мен қала көшелері де бар.

Айта кетейік, қалада жақын күндері масаға қарсы тағы бір дәрілеу жұмыстары жүргізіледі. Залалсыздандыру шаралары қыркүйек айына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

 

 

Маржан Касымбек