Денсаулық сақтау

Өңірде дәрігерлер тапшылығы мәселесі шешіліп жатыр

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысына 217 дәрігер қажет. 75-і – ауылда тапшы. Кадрлық дефицитті жою үшін Денсаулық сақтау министрлігі грант бойынша оқып шыққан мамандарды үш жыл бойы мемлекеттік медициналық мекемелерде жұмыс істеуге міндеттеді. Жас ақ халаттылар enbek.kz порталы арқылы жұмыс таба алады.

Ауру жанымызға батқан кезде бірден ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз. Жұлдыз Бусурманова – жас маман. Жалпы тәжірибедегі дәрігер өз кәсібінің аса жауапкершілік пен біліктілікті талап ететінін жақсы біледі.

Жұлдыз Бусурманова – Қызылжар орталық аудандық ауруханасының жалпы тәжірибедегі терапевт-дәрігері:

– Менімен бірге жұмыс істейтін ұжымда көп адам қызмет етеді. Барлығымыз бір-бірімізбен татумыз. Терапевттің жұмысы өзіме қатты ұнайды. Өйткені, науқас адамдарды емдеп жазғанда, бойымда ерекше қуаныш сезімі пайда болады.

Жұлдыз былтыр Қарағанды қаласындағы медицина университетін тәмамдаған. Ауылда дәрігерлер жетіспейді. Осыны түсінген ол оқуды аяқтаған соң бірден “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылына келеді. Мемлекеттен 1,5 млн теңгенің көтермеақысын алған. Қаражатты босқа жұмсамапты.

Жұлдыз Бусурманова – Қызылжар орталық аудандық ауруханасының жалпы тәжірибедегі терапевт-дәрігері:

– Бұл қаражатқа пәтер алдым. Осылайша, өзімнің бала кезімдегі арманымды орындадым. Өзім секілді жас мамандарға айтарым – ауылға келуден қорықпаңыздар. Мұнда да жұмыс істеуге болады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы маған көптеген жаңа мүмкіндіктер берді.

Шынымен де, мемлекеттің жас ақ халаттыларға көрсетіп жатқан қолдауы мығым. Мұның бәрі – кадрлық дефицитті жою жолындағы шаралар. Мәселен, биылдан бастап оқу бітірген жас дәрігерлер мемлекеттік медициналық мекемелерде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Осы үш жыл ішінде олар қызмет орны ретінде таңдаған аурухана-емханаларын ауыстыра алмайды. Жұмысты табуға болады. Бұл үшін enbek.kz порталы іске қосылған.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Әрбір медициналық ұйым бос жұмыс орнын, жас маманға қандай жағдай жасайтынын көрсететін болады. Ал түлектер жұмыс орнын өздері таңдап, Қазақстанның кез-келген жеріндегі медициналық ұйымға өзінің өтінішін жіберетін болады.

Бүгінде өңірде 217 жоғары білімді дәрігер тапшы. 75-і ауылдық жерлерде жетіспейді. Оқу орнын жаңа тәмамдаған жас мамандарға биыл облыс 90 млн теңге бөлген. Бұл ақша көтермеақыларды төлеуге жұмсалмақ. Осының арқасында ауылға 60 шақты ақ халаттыны тарту көзделіп отыр. Баспанамен қамту да – назарда.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ауылдық жерлерде үй-тұрмыс жағдайын жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Аққайың және Жамбыл аудандарында дәрігерлердің 100 пайызы үймен қамтылған.

Бұдан өзге, ауылға келген жас маманның жеңілдікпен несие алу мүмкіндігі бар. Қысқасы, мемлекет бар жағдайды жасайды, тек маманнның ел игілігіне қызмет етуге ынтасы болса болғаны.

Саят Ермек