Құқық қорғау органдары

“Жастар есірткіге қарсы” акциясы өткізілді

«Жастар есірткіге қарсы». Қалада осындай атаумен бүкіләлемдік нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай акция ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен шарада жиналған қауым қысқа метражды фильм көрді. Оған қоса салауатты өмір салтын ұстанатын жастар  зиянды заттарға қарсы пікірлерімен бөлісті.

Нашақорлықтың салдарын мамандар айтып-ақ жүр. Оның зияны адам денсаулығын ғана емес, өмірін де құртады. Одан құтқарылудың жолы бар. Ол – ішкі жігер мен рухани күш, тиісті ем-дом мен жақындардың қолдауы. Бірақ, көп жағдайда есірткіге еліткендер нашаны қолдану теріс жол екенін түсіне бермейді.

Ашық аспан астында өткен шарада жастарға қысқа метражды фильм көрсетілді. Онда бір отбасының басынан өткен оқиға туралы баяндалды. Оған қоса тұз есірткісі мен спайстың адам өміріне қаншалықты залал тигізетіндігі жайлы айтылған.
Кейін салауатты өмір салтын ұстанатын жастар есірткіге қарсы өз көзқарастарын білдірді.

Дархан Дәулетов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Есірткі – адам өміріне зиянды, жастардың болашағына балта шабатын зат. Өзім жас ретінде нашақорлыққа қарсымын.

Маусымның 26-сы – Бүкіләлемдік есірткіге қарсы күрес күні. Осыған орай ЖИТС-тің алдын алу орталығының мамандары тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап берді. Бұл акция жастар арасында нашақорлық пен өзге де әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың таралуын азайту мақсатында ұйымдастырылды.

Әзина Темешова – Облыстық халық шығармашылығы орталығы жанындағы қазақ шығармашылығын дамыту орталығының әдіскері:

– Бұл жұмыс жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Жастарға темекі, есірткі, арақ сынды заттардың адам өміріне қаншалықты зиянды екенін түсіндіреміз.

Айта кетейік, «Жастар есірткіге қарсы» акциясы өңірімізде осымен 15-ші рет өткізілді.

Маржан Касымбек