Білім

Ел әдіскерлерінің семинары өтуде

Екікүндік семинар, екі жүзге жуық ел әдіскері. Петропавлда мұғалімдерге бағыт-бағдар беретін мамандар бас қосуда. Жиында саладағы түйіткілді мәселелер қозғалып, оларды шешу жолдары қарастырылмақ. Сондай-ақ, әр өңірден келген әдіскерлер  өзара тәжірибе алмасатын болады.

Күнделікті әлемде түрлі салада өзгерістер орын алып жатыр. Осы ретте заманауи педагог қандай болу қажет деген сұрақ туындайды. Балалардың бәсекелі ортада өзін көрсете алып, мектеп қабырғасында жиған-тергенін қолдана алуды үйретуге ұстаздар қаншалықты қауқарлы? Көкейкесті сұрақ мұғалімдердің / нұсқаушыларының басын қосқан жиында талқыланады. Еліміздің барлық аймақтарынан жиылған 200-ге жуық әдіскер осымен 4-ші мәрте бас қосуда.

Гүлнара Ахметова – ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім беруді әдістемелік қамтамасыз ету орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Біздің елімізде 2667 әдіскер бар. Олардың статусы республикалық әдіскерлер кеңесі құрылғанша, яғни 2018 жылға дейін әрдайым байқаусыз болып қала берді. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Педагогтардың сабақ беруіне қатысты өзгерістерді ең бірінші кезекте біліп, жіті зерттеп, оларға жеткізетін мамандар – әдіскерлер. Сондықтан, олардың қызметінде қазір қандай проблемалар бар әрі оларды алдағы уақытта не күтіп тұрғанын қарастырмақпыз.

Оқушылар оқып жатыр, мұғалімдер жаңартылған білім беру жүйесіне негізделіп ұстаздық етуде. Ал әдіскерлер тікелей педагогтармен жұмыс істеп, оларды қызметтеріне қажетті материалдық база, шетелдік тәжірибемен қамтуда. Аталған шаруа теріскей өлкесінде де сәтті жүзеге асырылып келеді.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Облыстық әдістемелік орталықтың міндеттерінің бірі – «әр бала- бір жұлдыз» жобасы арқылы мектепке дейінгі балаларды дамытуға жағдай жасау. Осы ретте 43 мектепке дейінгі ұйымдардың инновациялық тәжірибесі жинақталды.

Ел тұрғындарының бұрынғы білім беру жүйесіне еті әбден үйреніп қалғаны белгілі. Кітапты оқып, үй жұмысын жасап, сабаққа белсене қатысқандар ата-аналарын 5-4-пен қуантатын. Ал сол тоқығанын кейін тәжірибе жүзінде қолданып, ұмытып қалмайтынына кім кепіл? Сондықтан, қазір көңіл бағаға емес, білім сапасына бөлінуде. Аягөз Хамзина – 28 жылдық еңбек өтілі бар педагог. Математика пәнінің ұстазы қазір Батыс Қазақстан облысының мұғалімдеріне сабақ беріп жүр. Әдістемелік жұмысын 7 жыл бұрын бастаған ол басымдық жаңартылған білім беру мазмұнында дейді. Мамандармен атқарылып жатқан шаруаның нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай.

Аягөз Хамзина – БҚО білім басқармасы әдістемелік кабинетінің директоры:

– Ата-аналармен біраз жұмыс жасадық. Қазір ата-аналар қауымы жаңартылған білім беру мазмұнына оң бағасын беріп отыр. Балалар өздеріне керек білімді өздері іздейді. Енді олар баға үшін емес, білім үшін оқитын болды.

Екікүндік шара әдіскерлердің озық жобаларын таныстырып, тәжірибе алмасуға тиімді платформа болмақ. Бейсенбінің екінші жартысында мамандар бірқатар үлгілі жұмыс жасап жатқан балабақшалармен танысады. Ал ертең Назарбаев Зияткерлік мектебінде саладағы түйіткілді мәселелер қозғалады.

Эльмира Сәдуақасова