Қоғам

Аттракциондардың қауіпсіздігін қадағалау күшейтіледі

Елімізде шілденің 1-інен бастап аттракциондардың қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық стандарт күшіне енеді. Бұл жаңашылдықта әткеншектер мен батуттардың орналасу тәртібі, іске қосу мен жұмыс істеуіне қатысты талаптары нақты көрсетілген. Тағы, құжатта сауық нысандарын жергілікті органдардың бақылайтындығы да жазылыпты.

Адамдар аттракциондарға жиі барады. Олар әткеншектерге мініп, балаларын жұмсақ ойыншықтарда ойнатып, уақыттарын қызықты өткізіп жатады. Бірақ, мұндай демалыс өкінішті аяқталуы да мүмкін. Бұлай деуімізге нақты себеп бар. 25-ші мамырды еске алайық. Бұл күні Қарағанды қаласында дауыл тұрып, үрмелі батут аударылды. Салдарынан 11 жасар жеткіншек қаза тапты, бірнеше өрен жарақат алды. Кейіннен оқыс оқиға сауық нысанының заңсыз әрі талапқа сай орналастырылмағанынан орын алғаны анықталды. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу қажет. Сондықтан, елімізде 1-шілдеден бастап аттракциондар қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық стандарт қабылданбақ. Онда бірнеше талап көрсетілген.

Бейбіт Әбілев – ҚР ИИДМ техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бірінші талап – қауіпсіздікте. Қалай орналасқандығы, қай жерде орналасқаны қаралады.

Тағы, жаңа стандартта аттракциондарды қатаң бақылау да көрсетілген. Енді, сауық нысандарын жергілікті органдар жіті тексеріп отырмақ. Осы орайда айта кетейік,қаламызда балалардың демалысын көңілді өткізу бағытында 5-6 кәсіпкерлік жұмыс істейді. Солардың ең ірісі “Мир аттракционов” серіктестігі. Бүгінгі күні аталған кәсіпорын қарамағында 50-ден аса әткеншек бар.

Александр Козлов – «Мир аттракционов» ЖШС директоры:

– Ұлттық стандартқа көшуге дайынбыз. Себебі, бұл жаңашылдық Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне өте ұқсайды. Ал біз дәл қазір осы халықаралық талаптар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Яғни әткеншектерімізді маусым алдында бақылаудан өткіземіз. Одан қалды аттракциондарды күнде механиктер, электриктер қарап, тексерушіге тапсырады. Кейін барып қана тұрғындарды қабылдайды.

Сонымен қатар, жиында кәсіпкерлердің өтініштері бойынша стандарттар әзірлеу жайы да айтылды. Мұндай ұсыныстар 1 жыл бұрын жиналады. Кейін, орталыққа жіберіліп, дайындалады.

Бейбіт Әбілев – ҚР ИДМ техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің:

– Кімге қандай стандарттар керек? Әр стандарты шығару үшін бюджеттен ақша бөлінеді. Сол ақшаға кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша стандарттар дайындалады.

Былтыр теріскейлік 12 кәсіпкердің өтініші елордаға жіберіліпті. Олардың барлығы мақұлданып, жаңадан стандарттар әзірленген екен.

Байболат Бектемірұлы