Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлермен кездесу

Кәсіпкерлермен кездесу! Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов солтүстікқазақстандық белді іскер жандармен жүздесті. Дастарқан басында өткен бейресми жиында өңірдегі бизнес саласын дамыту жайы сөз болды. Тағы, шара қатысушылары өзекті деген мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын талқылады.

Әдетте облыс әкімі Құмар Ақсақалов кәсіпкерлермен конференц-залдарда бас қосады. Оған көзіміз үйреніп қалған. Бүгін мүлде олай емес. Өңір жетекшісі іскер жандармен дастархан басында кездесіп отыр. Бейресми жиында өңірдегі бизнес саласы кеңінен қаузалды. Алдымен кәсіптен нәсіп тауып жүрген азаматтардың құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету жайы айтылды.

Дархан Қалиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– 2018 жылы бізге кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша 216 өтініш түсті. Оның 100-ге жуығы шешімін тапты. Мәселен, “Севказэнергосбыт” серіктестігі 903 жеке кәсіпкердің төлемін 40 млн теңгеге асырып көрсеткен. Іске бірден араластық. Нәтижесінде мәселе біржақты етілді.

Дархан Қалиев өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытына да жіті тоқталды. Оның сөзінше биыл теріскейде органикалық өндіріске екпін беріліпті. Яғни, шаруаларымыз химиясыз өнім өсіруді қолға алған. Бүгінгі күні 20 мың гектар жерде табиғи таза астық бой көтеріп келеді. Мұндай тауардың пайдасы зор. Біріншіден алтын дәннің құны қымбат, екіншіден оған деген сұраныс жоғары.

Дархан Қалиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Органикалық астықтың шығымдылығы төмен. Мысалы, бір гектар жерден 13 центнер дәнді дақыл жинауға болады. Бірақ, мұндай 1 тонна ырыздықтың бағасы 220 мың теңгені құрайды. Ал табиғи таза майлы өнімнің құны химиялық жолмен өсірілген тауарға қарағанда 3 есе жоғары. Біздің астыққа Еуропа елдерінен сұраныс бар. Сондықтан, диқандарға органикалық өндіріске көшу жайын айтып жатырмыз.

Органикалық өндірістің табысты екендігін біледі диқандар. Бірақ, олардың барлығы бірдей табиғи жолмен астық өсіруге ниет танытып отырған жоқ. Себебі, іспен айналысу үшін шаруа бақылаудан өтіп, құны 5 мың долларға дейін жететін сертификат алуы керек. Оның үстіне мұндай құжат Қазақстанда емес, шетелдерде беріледі. Қазір бұл мәселені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шешу жағын қарастырып жатыр екен. Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін бизнесмендерге жер де ұсынылуда. Мәселен, өткен жылы 109 учаске рәсімделіпті. Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов аумақтар тегін берілмеу қажеттігін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тегін берілген аумақтар ондаған жылдардан бері бос тұр. Біз мұндай аумақтарды мемлекет меншігіне қайтарамыз. Биыл 1 жыл соттасып “Шығыс” ықшам ауданын “Құлагер” атты құрылыс компаниясынан алып қойдық. Енді ол аумақтта әлеуметтік маңызы бар нысандар салынады. Мұндай іс әлі де жалғасады.

Сөз барысында Құмар Ақсақалов кәсіпкерлерді белсенді болуға шақырды. Себебі, атқаратын жұмыс шаш-етектен. Мысалы, Петропавлда демалыс күндері техникалық қызмет көрсету станциялары жұмыс істемейді, халық көп жүретін Қазақстан Конституциясы көшесіндегі қоғамдық тамақтану орындары ерте жабылып қалады. Оған қоса біздің кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ісін өрге домалатқысы келмейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет “Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарламасы бойынша 600 млрд теңге бөлді. Бұл бағытта осы күнге дейін 4 қана жобамыз мақұлданыпты. Олардың жалпы сомасы 500 млн теңгені құрайды. Бастапқыда несие 8 пайызбен берілетін еді. Қазір мөлшерлемесі 6 процентке дейін түсті. Әрі қарай төмендемейді. Сондықтан, белсенділік таныту қажет. Қазір мұндай мүмкіндікті оңтүстіктің кәсіпкерлері тиімді пайдаланып жатыр.

Кейін, әңгіме ауа сұрақ-жауапқа ауысты. Бұл мүмкіндікті Галина Воробьёва мүлт жібермеді. Жеке кәсіпкер Тимирязев ауданының орталығында қонақ үй ашпақшы. Бірақ, ісінің өркендеуіне алаңдаулы.

Галина Воробьёва – жеке кәсіпкер, Тимирязев ауданы:

– Біздің аудан орталығынан адамдар көшіп жатыр. Олардың қалулары үшін тиісті жағдай жасалу қажет. Сізден осы мәселеге назар аударуыңызды сұраймын.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл іске кәсіпкерлердің тікелей қатысы бар. Бизнесмендер адамдарға минималды жалақы төлейді. Салдарынан тұрғындар басқа қалаларға, елдерге көшіп жатыр. Ол жаққа барып жатақханада тұрады. Мұндай жағдай болмауы үшін кәсіпкер дұрыс еңбек етуі тиіс. Тұрғындардың тұрмысын жақсартуы міндетті.

Облыс әкімі көлеңкелі экономикадан арылу керектігін де баса айтты. Ол үшін жұмыс беруші ақшаны картаға аударуы қажет, нысандарда банкоматтарды көбейту керек. Жиында Петропавлдың бас жоспары жайлы да сөз болды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Петропавлдың бас жоспары ескірді. Сондықтан, оны жаңарту қажет. Іске ақша бөлінді. Жоспарға Қапай ауданы кіреді. Ол жердегі жер үйлерді сүреміз де тұрғындарға пәтер береміз. Тағы, магистраль тартылады. Қапайдағы жұмысқа жеке меншік құрылыс компанияларының араласқанын қалаймыз.

Бұл ретте кәсіпкерлер қаланың бас жоспарын әзірлеуге жергілікті мамандарды қатыстыру қажеттігін айтты. Себебі, олар өзге қалалардағы қызметкерлерге қарағанда шаһарды жақсы біледі. Жиын соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Береке” ықшам ауданында қаңырап бос тұрған ғимараттар қалыпқа келтіріліп жатқанын айтты. Олар жөнделген соң, қалталы азаматтарға жалға берілмек.

Байболат Бектемірұлы