Спорт

Республикалық көпкүндік веложарыс жалғасуда

Өңірде 15 пен 16 жастағы балалар арасында республикалық көпкүндік веложарыс өтіп жатыр. Бүгін сайыстың 3-күні. 12 облыстан жиылған 20 құрама топтық жарыста бақтарын сынайды.

Сайысқа түсу үшін тоғысқан 130-ға жуық велошабандоз қазір дайындықтарын пысықтап жатыр. Кейбіреуі 2 дөңгелекті көліктерін тексеруде. Жарыс алдында төреші қатысушыларға жүру аймағын түсіндіріп, жолда абай болуды да ескертті.

Владимир Парахин, веложарыстың бас төрешісі:

– Бүгін республикалық көпкүндік веложарыстың 3-і күні. Алғашқы күні топтық сайыс болды, онда спортшылар 70 шақырымды жүріп өтті. Ал кеше 40 шақырымды бағындырды, ол командалық сайыс ретінде есептелді. Бүгін спортшылар командалық әрі жекелей есепте сыналады.

Велошабандоздар сайыс жолына түсті. Олар 70 шақырымды жүріп өтулері тиіс. Қызылордадан келген спортшылар кешегі командалық тартыста 7-ші орынға тұрақтаған екен. Бүгін бұл көрсеткішті жақсарту керек дейді Аслан Силықбек.

Аслан Силықбек, велошабандоз, Қызылорда қаласы:

– Бүгінгі жарысқа дайындығым жақсы.  Спортқа әр адам жеңу, ұту үшін келеді. Менің де арманым сол – Азия, Әлем чемпионы атану. Ал бүгінгі жарыста – жақсы нәтиже көрсету.

Әзірге, екікүндік жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте теріскейлік құрама көш бастап тұр. Екінші орында нұр-сұлтандық шабандоздар болса, талғарлық спортшылар – үшінші орында.
Тартыстың толық нәтижесі бойынша үздік атанған қатысушылар шілденің 3-і мен 10-ы аралығында Көкшетауда өтетін республикалық сайысқа жолдама алады.

Актолкын Солтанханкызы