Бизнес және экономика

Кәсіпкерлік саласындағы мәселелер

Өткен жылы 83 солтүстікқазақстандық шаруаға субсидия берілмепті. Мұндай жағдай биыл да тіркелді. Шал ақын ауданындағы іскер жандардың біріне бақандай 23 млн теңге көлеміндегі тиісті қаржы рәсімделмеген. Бұл мәселе бүгін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша ұйымдастырылған кеңесте қаралды.

“Окунев” шаруа қожалығы Шал ақын ауданында орналасқан. Үстіміздегі жылы аталған кәсіпорын басшылығы субсидия алу үшін кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Нақтырақ айтар болсақ, олар мұндағы мамандарға мал, тұқым, минералды тыңайтқыш пен техника рәсімдеу мақсатында келіпті. Алайда, жерлестеріміздің өтініші орындалмаған.

Бауыржан Ахметов – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Шаруа қожалығының бизнес-сәйкестендіру нөмірін Qoldau ақпараттық жүйесінде тергенде жер учаскелерінің бары анықталмады. Себебі, алқаптар кәсіпорынның басшысы мен мүшелерінің жеке сәйкестендіру нөміріне тіркелген.

Міне, осы үшін шаруа қожалығы 23 млн теңге көлеміндегі субсидиядан қағылған. Бірақ, жиын барысында мәселенің барлығы Qoldauда еместігі анықталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы қомақты ақшаның нақты не себепті берілмегенін айтты. Оның сөзінше қаржы ақпараттық жүйенің ауысып кеткенінен иесіне жетпепті.

Фархад Мұстафин – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының маманы:

– Субсидиялаудың ережесі өзгерді. Бұрындары шаруалар Qoldau жүйесі бойынша өтініш беретін. Ал қазір олар өздерінің құжаттарын ақпараттық-сараптамалық жүйе бойынша жіберулері қажет. Сондықтан, біз қаулыны жаңадан жасап жатырмыз.

Жиынға облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов те қатысты. Ол мемлекеттік көмекті ұсыну кезінде бюрократиялық іс-әрекеттердің болмауы қажеттігін айтты.

Бағбан Тайымбетов – СҚО прокуроры:

–  Сіздерге адам жүгінсе, оған субсидия берілуі қажет болса, міндетті түрде көмек көрсетілу керек. Ал бизнес-сәйкестендіру нөмірі және жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша мәселені шешеміз. Қиыны, шаруаның дән себе алмауында болып тұр. Іске адамгершілікпен қарау қажет деп ойлаймын.

Сөз соңында Бағбан Тайымбетов мәселенің шешілуін өзінің жеке бақылауына алатындығын айтты. Жалпы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша ұйымдастырылған кеңесте 3 сұрақ қаралды.

Байболат  Култанов