Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр

Ауылдағы ауқымды жұмыс! Қызылжар ауданының тұрғыны Жанат Ғаббасов “Игілік” бағдарламасы аясында 4 млн теңге несие рәсімдепті. Мемлекеттен ақшаны 6 пайыз мөлшерлемемен 5 жылға алған. Кәсіпкер қаржыны құс шаруашылығымен айналысуға бағыттапты.

Линда және Мулард. Мұнда осы сынды қаздардың 10-ға жуық түрі бағылып жатыр. Мына балапандар өңірімізге Башқұртстаннан әкелінген. Асыл тұқымды құстардың күтіп-бапталу тәсілі де ерекше. Мәселен, олар жемазықты уақытымен жейтін болса, 1 ай ішінде-ақ өсіп-жетіледі. Әрі қанаттылар құбылмалы ауа райына да төзімді келеді.

Жанат Ғаббасов – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Бірініші жылы 7 түрлі құстың 2400 данасын сатып алдық. Былтыр 4 түрін тағы тапсырыспен алдырттық. Биыл мінекей қаздардың Линда деп аталатын түрінен 2 мың данасын әкелдік. Оларды етке өсіріп жатырмыз.

Жанат Ғаббасов қаз және үйрек өсірумен 2017 жылдан бері айналысады. Бастапқыда қанаттыларды сатып алуға қаржысы болмағандықтан, мемлекеттің көмегіне сүйенген екен. Осылайша «Игілік» бағдарламасы аясында жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен 4 млн теңгенің несиесін рәсімдепті.

Жанат Ғаббасов – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Жұмыстың нәтижесі бар. Осындай мүмкіндікті жаратып жатқандарға алғысым шексіз. Ауыл адамдарына жақсы жағдай жасалып жатыр.

Іскер азамат желтоқсан айында құстардың етін Петропавлдан өзге, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында саудаламақшы.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалы жыл басынан бері бірталай кәсіпкердің өтінішін мақұлдаған.

Абай Садыров – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ несие менеджері:

– Жыл басынан бері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалы жалпы сомасы 2 млдр теңгені құрайтын 348 жобаны мақұлдады. Соның ішінде “Игілік” бағдарламасы бойынша теріскейлік іскерлер тарапынан 311,4 млн теңгенің 116 жобасы қолға алынып отыр. Бұл қаржының белгілі бір мөлшеріне 22190 құс сатып алынды.

Айта кетейік, “Игілік” бағдарламасы аясында Ақжар, Тайынша және Тимирязев аудандарының тұрғындары жиірек несие рәсімдеген.

Маржан Касымбек