БалаларСпорт

Қалалық спартакиаданың жеңімпаздары марапатталды

Есірткісіз болашақ. Осындай атаумен жасөспірімдер арасында қалалық спартакиада өткізілді. Шараға 19 құрама қатысып, спорттың 8 түрінен сайысқа түсті. Үш күнге созылған жарыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне түсірілім тобы да барып қайтты.

Алаңда – финалға жолдама алған «Балдырған» және «Достық» құрамалары. Олар мұнда футболдан өзара мықтыны анықтауда. Ойыншылардың дайындығы жақсы, бір-бірінен қалыс қалар емес. Дегенмен, қызыл түсті киім киген балалар үздік ойын көрсетіп, қарсыласының қақпасына 3 гол соқты.

Серік Жұмаш – «Балдырған» құрамасының мүшесі:


– Ағай бізді жақсы жаттықтырды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Құрамамыз жақсы ойын көрсетті. Менің құрамаға келгеніме 5 ай болды.
 

Спартакиадаға балалар мен жасөспірімдерден құралған 19 құрама қатысыпты. Олар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, футбол, бес асық, жеңіл атлетика, үстел теннисі және стритбол сынды спорт түрлерінен сайысқа түскен. Бүгін 3 күнге созылған жарыстың нәтижесі анықталып, үздіктер марапатталды. Солардың бірі – жеңіл атлетикадан топ жарған «Мұрагер» клубының мүшелері.

Ольга Седельникова – «Мұрагер» клубының мүшесі:

–  Ойын басында жеңіске жетеміз деп ойламап едім. Бірінші орын алдық. Қуанышымда шек жоқ. Мен 100 метрге жүгіруден сайысқа түстім. Қарсыластарымнан озып кеттім. Бұл – менің алғашқы жеңісім.

Осындай шаралар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулиды дейді ұйымдастырушылар.

Юрий Мощенко – Мектептен тыс жұмыс бойынша қалалық балалар-жасөспірімдер орталығының директоры:

– Шараның негізгі мақсаты – балаларды спортқа баулу әрі балалардың бос уақытын жаз мезгілінде тиімді ұйымдастыру. Мұндай сайыстар олардың жан-жақты дамуына септігін тигізеді әрі жас чемпиондарды тәрбиелеп шығарамыз.

«Есірткісіз болашақ» атты спартакиадалық ойындарға барлығы мыңға жуық жас спортшы қатысқан. Аталған шараны күз айларының басында тағы бір өткізу жоспарланып отыр.

Маржан Касымбек