МТРА жаңалықтары

Қалада “Жұлдызды даяшы” атты қайрымдылық акциясы өтті

Жұлдызды даяшы. Кеше осындай атаумен қаладағы дәмханалардың бірінде қайырымдылық акциясы өтті. Оған шаһардың танымал әншілері мен блогерлері – жалпы саны 11 адам қатысты. Бір күнге өз жұмыстарын қызыл алжапқышқа алмастырған жандардың қызметін біздің түсірілім тобы көріп қайтты.

Келушілерді күту оңай жұмыс емес. Ал сахна адамдары үшін бұл – мүлдем жат іс. Лаура Курлеутова – жезтаңдай әншілердің бірі. Өзін даяшы ретінде сынап тұрғаны алғаш рет екен.

Лаура Курлеутова, әнші:

– Әлеуметтік желілерде осындай шараның өтетіндігін көріп, қатысуға ынта білдірдім. Негізгі, даяшы болып қызмет жасап көрмегенмін. Сол себепті, біраз қобалжу бар.

Бүгінгі даяшылардың көбісі өнер адамы болғанымен, арасында мейрамханалық бизнестің қыр-сырын меңгерген жас маман да бар. Ол – Никита Белянкин. Швейцарияда білім алған азамат қызмет көрсетудің сапасы келушілердің көңілінен шығатынына сенімді.

Никита Белянкин:

– Даяшы ең алдымен сыпайы болуы керек. Алдыңыздағы қонақтың мінезі әр түрлі болады. Сол себепті, олармен тіл табыса білу қажет. Әрі мәзірде қандай тағам барын, олардың артықшылығы неде екенін де жатқа білу керек.

Бұл қайырымдылық акциясы қалада осымен 4-ші рет өткізіліп отыр. Негізгі мақсат – адамдардың даяшы қызметіне деген қызығушылықтарын арттыру әрі саланың өзінің қиын тұстары бар екендігін көрсете білу дейді ұйымдастырушылар.

Андрей Фролов – СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының атқарушы:

– Былтыр осы қайырымдылық акция барысында даяшылар 200 мың теңгеге жуық шайпұл жинаған болатын. Биыл да осындай нәтиже көрсетеміз деген ниеттеміз.

Осы кеште әрбір мейманның берген шайпұлы мен бүкіл түсімнің 10 пайызы қайырымдылық мақсатқа жұмсалады. Нәтижесінде 90 мың теңге жиналды.

Актолкын Солтанханкызы