Спорт

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада

Бүгін және ертең спортқа ең жақын деген солтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметшілер анықталады. Өздерінің кәсіби мейрамадары қарсаңында жергілікті атқарушы билік өкілдері спартакиадада бас қосты. Дода 6 спорт түрі бойынша жүріп жатыр.

Мыңға жуық мемлекеттік қызметші – сапта. Облыстың, қаланың және аудандардың атқарушы органдарында еңбек етеді олар. Арасында әкімдер де, қатардағы мамандар да бар. Барлығы 2 күнге кеңседегі жұмысты олар белсенді спорттық ойындарға алмастырды.

Айсары Шәкіров – спартакиаданың бас төрешісі:

– Үстел теннисі, гір көтеру, волейбол, дойбы, тоғызқұмалақ және шағын футбол. Мемлекеттік қызметшілер осы 6 спорт түрі бойынша бақ сынасады. Жарысқа барлығы 27 құрама, яғни 1 мыңға жуық атқарушы билік өкілі қатысып отыр.

Спортты дамыту – мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі деді ашылу салтанатына қатысқан Құмар Ақсақалов. Аймақ басшысының сөзінше, сол саясатты жемісті жүзеге асыру үшін әр азамат салауатты өмір салтын ұстануға тырысуы тиіс. Ал мемлекеттік қызметшілер үшін бұл – тіпті, міндет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тек қана мінберге шығып алып, спорт туралы айтпай, өздері де бүкіл қоғамға, жастарға үлгі ретінде спортпен айналысып жатқандарын көрсетулері керек деп есептеймін.

Өңірдің бас мемлекеттік қызметшісі жоғарыда айтқанын іспен дәлелдеді. Үстіне форма, аяғына бутсы киіп, Құмар Ақсақалов әріптестерімен шағын футбол ойнады. Облыс әкімімен бірге доп қуалағандардың қатарында шаһар басшысы Болат Жұмабеков, аудан әкімдері мен орынбасарлар да бар.

Қай атқамінердің спортқа қаншалықты жақын екендігі матч барысында белгілі болды. Уәлиханов пен Шал ақын аудандарының әкімдері бұл тізімнің басында. Олар ойын барысында бір-бір голдан соқты. Өкініштісі, бұл – жолдастық кездесу, сондықтан спартакиада есебіне кірмейді.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Әріптестерімнің физикалық дайындықтары жақсы екен. Біраз жүгіруге тура келді. Өзім волейбол мен футболды сүйіп ойнаймын. Сондықтан, әкім ретінде спортқа көп көңіл бөлуге тырысамын. Көршілес аудандармен бірігіп, жарыстарды жиі өткіземіз.

Қара күш пен қайралған техника. Бұл – білекті атқарушы билік өкілдерінің сыны. Ережесі қарапайым – 5 минуттың ішінде мемлекеттік қызметші 16 келілік гірді күші таусылғанша көтеруі керек. Жергілікті қылмыстық-атқару жүйесінің маманы Әлібек Ишанов зіл темірді 140 рет бастан асыра білді.

Әлібек Ишанов – СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тергеу изоляторының бақылаушысы:

-Шыдамдылыққа ғой бұл спорт түрі. Өзіме ұнайды. Мектептен айналысамын, бірақ спорт шебері емес, әуесқоймын. Жұмыстан бос уақытта айналысамын, біздегі жарыстарға қатысып тұрамын.

Бұл ауқымды спорттық додалардың тек біреуі ғана. Негізі, барлық 6 спорт түрі бойынша жеңімпаздардың есімдері ертең белгілі болады. Өздерінің кәсіби мейрамдарының қарсаңында теріскейлік мемлекеттік қызметшілер спорттық біріншілікте осымен үшінші жыл қатарынан бас қосып отыр.

Саят Ермек