Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл аудандарға биоотынмен жұмыс істейтін 27 қазандық орнатылады

Ауылдарды жылытудың баламалы әдістеріне жаппай көшіру керек. Облыстық әкімдікте жиналыс өткізген аймақ басшысы осылай деді. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, елді мекендерге биоотын арқылы жұмыс істейтін қазандықтарды орнатуға қарқын қосу қажет. Бұл өңірдің көмірден тәуелділігін азайтады, сәйкесінше қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қауіпсіз әрі үнемді. Биоотын арқылы жұмыс істейтін қазандықтардан шарапат мол, әсіресе ауылдық жерде. Өйткені, көмір алу қажет деп бас ауырмайды. Мұндай қондырғылар ғимаратты сабан арқылы жылытады. Жылуы қара отынмен жылытқаннан кем емес. Біздің облыс үшін бұл аса тиімді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңірде әр орақ науқанынан кейін 2 млн тоннадай сабан қалады. Ол алқаптарда жай жатпай, кәдеге жаратылуы керек. Биоотынмен жағылатын мұндай қазандықтар бюджет ақшасын үнемдеуге де мүмкіндік береді.

Қалайша? Қазандықтарды мемлекет сатып алмайды. Оны ауылдардағы шаруашылықтар мен кәсіпкерлер өз қаржысына орнатады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздер қондырғыны сатып алып, өз шаруашылықтарыңызға орнатасыздар. Кейін оған бюджеттік мекемені қосып, жылытасыздар. Қазандыққа өздеріңіз қызмет көрсетесіздер, пеш жағушыларды өздеріңіз жалдайсыздар. Ал билік ай сайын тариф бойынша сіздерге жылу үшін ақша төлеп тұратын болады. Өте тиімді ұсыныс.

Мұндай тәжірибе теріскей аудандарында соңғы 3 жылда кеңінен қолданылып келеді. Өзінің тиімділігін артығымен дәлелдеді. Мәселен, өткен жылы елді мекендерге осындай 22 қазандық орнатылып, 51 нысан баламалы отынмен жылытыла бастады.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Шал ақын ауданын ерекше атап өтуге болады. 2018 жылы Сергеевка қаласының орталық қазандығы алмастырылды. Енді мұнда биоотынмен жылытатын қондырғы орнатылған. Осының арқасында бүгінде 3 мектеп пен 8 тұрғын үй сабан арықылы жылытылады.

Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандарында да мұндай қазандықтардың саны өткен жылы көбейген. Ал биылғы жылы өңір бойынша олардың тағы 27-сін орнатып, қосымша 60 нысанды қамту жоспарланып отыр. Әрине, егер аграрийлер мен бизнесмендер құлық танытса. Өйткені, шетелдік қазандықтар арзан тұрмайды. Мәселен, польшалық қондырғының құны 20 млн теңгеге жуықтайды екен. Сондықтан, іске ПАМЖЗ тартылып отыр. Кәсіпорын биыл қазандық жасауды қолға алған. Енді, жылыту қондырғыларын шетелден алудың қажеттігі туындамайды.

Ахан Кәрімов – “ПАМЖЗ” АҚ бас директорының орынбасары:

– Нарықта қуаттылығы 500 және 300 киловатт болатын қазандықтар сұранысқа ие. Мұндай қондырғы аумағы 3 мың мен 6 мың шаршы метр аралығындағы ғимаратты еш қиындықсыз жылыта алады. Бағасы да қолжетімді. Қуаттылығына байланысты қазандықтың бір-біреуі 8-10 млн теңге тұратын болады.

Мұндай қазандықтардың арқасында соңғы 3 жылда облысымыз 21 мың тоннаға кем көмір сатып алған. 150 млн теңге үнемделіп, қазынада қалған. Бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болса, тағы да біраз қаржыны үнемдеуге мүмкіншілік бар. Осыны ескере отырып, Құмар Ақсақалов отырысқа шақырылған ауыл кәсіпкерлері мен шаруаларды белсенділікке шақырды. “Жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытыңыздар! Бұл облыс үшін, ауыл тұрғындары үшін аса маңызды жоба”,- деді өңір жетекшісі.

Саят Ермек