Ауыл шаруашылығы

Тайыншадағы бөдене фермасы

Табысты бизнес! Тайынша қаласында тұратын жас кәсіпкер осымен 5-ші жыл қатарынан  бөдене өсірумен айналысады. Бұл құстың жұмыртқасы денсаулыққа пайдалы болса, еті деликатес саналады. Сол себепті, нарықта үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда өнімді бизнесмен Петропавл мен Ақмола облысына жөнелтеді екен. Жуық арада кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.

Кәсіптің бұл түрімен айналыса бастағанда Евгений Дмитриевтің фермасында небәрі 200 бөдене болған. Қазір құстардың саны 5 мыңға жуықтайды. Отбасылық бизнес осымен бесінші жыл көркейіп, кеңейіп келеді. Мемлекет те 3 млн теңгенің қайтарымсыз грантын беріп, қолдау көрсеткен.

Саят Ермек – тілші:

– Тәулігіне құстар 2 мыңға жуық мынадай шағын жұмыртқаларды береді екен. Сондай-ақ, бөденелердің еті де нарықта үлкен сұранысқа ие. Негізі, бизнестің бұл түрімен айналысатындар жоқтың қасы, сондықтан, бәсекелестік төмен. сәйкесінше пайда да жоғары.

Пайда шынымен де молынан. Бөдене жұмыртқаларының 10 данасы – 180, ал етінің бір келісі шамамен 2 мың теңге тұрады. Өнімді іскер отбасы Көкшетау, Щучье және өзіміздің Петропавлға жөнелтеді екен. Ал жуырда, тіпті елорда нарығына шыға бастаған. Мәселен, мына жүк көлігіне тиеліп жатқан жұмыртқалардың 4 мың данасы тура Нұр-Сұлтанға жол тартпақ.

Әсіресе, дәмхана-мейрамханалардан сұраныс жоғары. Тұрғындар да алып жатады. Сондықтан, бизнесті одан әрі өрге домалату көзделіп отыр.

Евгений Дмитриев – “Дмитриев” ЖК директоры, Тайынша ауданы:

– Кәсіпті одан әрі кеңейтпекшіміз, ескі торларды жаңаларына алмастыру жоспарда бар. Қысқасы, қаржы құйып, фермамызды жаңғыртамыз. Құс қаншалықты көп болса, іс соншалықты табысты болады. Сондықтан, алдағы уақытта бөденелердің санын да біршама көбейтпекшіміз.

Құстардың санын арттыру үшін арнайы инкубатор да бар. Жуық арада екіншісі де пайда болмақ. Евгенийдің айтуынша, әр 8 ай сайын құстарды жаңартып отыру қажет. Сонда ғана жұмыртқа мен ет сапалы болады.

Саят Ермек – тілші:

– Ал, бұл жерде 700 шақты бөдене балапандары орналастырылған. Құстардың жартысы – аталық, ал қалған жартысы – аналық. Шамамен төрт аптадан соң олар алғашқы жұмыртқа бере бастайды.

 

 

 

Саят Ермек